Жезқазған тұрғындары ыстық судың сапасына шағым айтты. Құбырдан жағымсыз иісі бар лас су аққан. Жағдайдың мән-жайын білу үшін облыс әкімі Ерлан Қошанов оқиға орнына орынбасары Анатолий Шкарупа бастаған топты жіберді, деп хабарлайды әкімнің сайты.
«Жылжымалы жиналыс өткізілді. Бірқатар қосымша шаралар қабылданды, оның ішінде желілерді тағы бір мәрте жуу жүргізілді. Қазір ыстық су сапасы жақсарды, — деп мәлімдеді Анатолий Шкарупа аппараттық жиналыс барысында.
Оның айтуынша, тұтынушыларға жіберілетін ыстық судың зертханалық сынақтары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Облыс әкімі селектор бойынша Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметовты шақыртып, олқылықтың себебін түсіндіруді талап етті. Қала әкімі суық ерте түскендіктен жылыту маусымын мерзімнен бұрын бастап, желілер жуылып үлгермегенін айтты.
«Біз кір су жүреді деп ойламадық, — деді Батырлан Ахметов.
Мұндай жауап Ерлан Қошановтың наразылығын тудырды. «Қалайша ойламадыңыздар! Әзірге қала әкіміне сөгіс жариялаймын. Әрі қарай қызметтік тергеу нәтижесі бойынша көреміз. Ыстық судың сапасын назарда ұстауды жалғастыру керек жәнеде қызмет түрін толықтай қалыпқа келтіріңіздер, — деді аймақ басшысы.
Ерлан Қошанов қол астындағы қызметкерлеріне барлық бағыттағы жұмыстар бойынша қатаң сұраныс болатынын ескертіп айтты.
Сонымен қатар Жезқазған тұрғындары өз еріктерімен ыстық және суық судың үлгілерін Астанадағы тәуелсіз сараптамаға — мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына жібергені белгілі болды.
Еске сала кетейік, жезқазғандықтар краннан аққан сасық суға шағымданғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.
Дереккөз: inform.kz