Осы уақытқа дейін төлқұжат алып үлгермеген Қазақстан азаматтары енді көк паспортты алу үшін 10 мың теңге артық төлейтін болады. 1 қаңтардан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер» туралы Кодексінің 615 бабына сәйкес жеке басты куәландыратын ҚР азаматтарының паспортын алу 8 АЕК дейін көтеріліп, оның бағасы 19240 теңгені құрады. Жылдам жасалған төлқұжат үшін азамат бұрынғыша 1 989 теңге артығымен төлейді. Ал, тұрғылықты жері мен уақытша тұратын жері бойынша тіркеу 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тегін жүзеге асырылатын болады. Айта кетейік, мемлекеттік баж салығынан Ұлы Отан соғысының ардагерлері, “Алтын алқа” иегерлері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар босатылады.
Сондай-ақ, 16 жасқа толмаған балалардың шетелге шығуы ата-анасының паспортына фотосуреттерін енгізу бойынша жүргізіледі. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Нұрдаулет Төлегенұлы мәлімдеді.
Аяжан Дәулетбай