Бүгін Үкімет отырысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту салаларында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz .
Алдымен Дәурен Абаев министрлік Елбасының биылғы жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтерді көрсету саласын одан әрі дамытуға байланысты жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатқанын алға тартты.
«Бұл саланы оңтайландыру міндетін министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе атқарып жатыр. Жалпы құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою, толық электронды форматқа көшу мәселелері бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл ретте электронды үкімет пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын дамыту мәселелері айрықша маңызға ие. Осы бағытта атқарылған шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда 746 қызметтің 621-і «Азаматтарға арналған үкіметке» берілді. Бұл — барлық қызметтің 83%-ы. Бүгінде осы қызмет түрлерін мемлекеттік корпорацияның 349 кеңсесі ұсынып отыр. Мұндағы 20 мыңнан астам қызметкер жылына шамамен 34 млн-ға жуық қызмет көрсетуде», — деді министр.
Осы орайда ол қазіргі таңда халық электронды үкімет арқылы 452 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар ведомство басшысы аталған саладағы шешілмеген мәселелерге тоқталды.
«Аталған жұмыс барлық мемлекеттік органмен бірігу арқылы ғана жүзеге асырылады. Біріншіден, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан ашықтық мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мысалы, мемлекеттік органдар маңызды өнімдер туралы ақпаратты бермейді. Аталған мәселені шешудің жолы – анықтамасыз қызмет көрсету жобасын қолға алу. Мұны «paper free» дейді. Жобаны Әділет, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Бас прокуратура бірігіп жүзеге асыруда. Ондағы мақсат маңызды электрондық құжатты алу, әрі мемлекеттік орган арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Мемлекетік орган арасындағы байланыстың төмен болуынан ХҚКО арқылы азаматтар 22 млн электронды құжатқа тапсырыс берген», — деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.