Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олар өңір басшысына ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм, спорт салалары бойынша бірқатар өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Ең алғаш қабылдауға кірген еңбек ардагері Біржан Бижанов шалғайдағы шопандардың тұрмыстық жағдайы толғандыратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы ардагерлер мекемесіне жеке ғимараттың қажет екенін айтып, бейнеті күшті шаруаларға жағдай жасалса, өңіріміздің аграрлы саласы қарқын алатыныны жайында ұсынысын білдірді. Зейнеткердің ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі шопандар үйі болу қажеттігін айтып, аталған мәселелерді шешуді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековке тапсырды.
Аймақ басшысының қабылдауына екінші болып кірген Елтай Бимағанбетұлы Түркістан қаласы — облыстың туризм орталығы болуы туралы ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі ұсынысты қабыл алып, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмді дамыту тұжырымдамасын 3 кезеңге бөліп, іске асыру көзделген. Жобада этносаябақ, ашық аспан астындағы мұражай, шығыс үлгісіндегі сувенирлік дүкен сынды дүниелер қарастырылған», — деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек, қабылдауға келген облыстық дизайнерлер федерациясының төрағасы Расильбек Естемесов өңіріміздегі көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін ұлттық нақыштағы графикалармен безендіруді айтты. Бұл жұмыстарды жүзеге асыратын арнайы дайын жобаларының бар екендігін де тілге тиек етті. Азаматтың өтінішіне қаныққан Жансейіт Қансейітұлы қала әкімдігіне ұсынысты пысықтап, нәтижесін баяндау керектігін жүктеді.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың бірі «Барыс-2007» ЖШС-нің директоры Азат Қаражанов тауарлар халыққа қолжетімді арзан бағада саудаланатын 10 гипермакеттің жобасын таныстырды. Сондай-ақ, «Мадина» макарон фабрикасының жұмысын жүргізу үшін теміржол тұйығы мен жол және газ құбырына байланысты туындаған мәселелерін айтты. Ұйым басшысын тыңдаған облыс әкімі арзан бағадағы сауда орнының халық үшін тиімді екенін айтып, аталған мәселелерді шешуді жауапты басқарма басшыларына тапсырды.
Қабылдауды түйіндеген белгілі спортшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл облыста ауыр атлетиканы дамыту үшін өңір орталығында осы спорт түрімен шұғылдануға арналған спорт залы қажеттігін жеткізді. Мәселеге қаныққан облыс әкімі тиісті сала басшыларына қаладан демеушілер есебінен немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт нысанын салу жайын қарастыруды айтты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі