«Үшқоңыр Алатаудың қойнауында,
Әкемнің ізі қалған жайлауында», — деп басталатын әуенде Елбасының туған жері суреттелген. Расында, Алатаудың баурайында, Шамалған (Үшқоңыр) ауылының табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, осындай ерекше жер еліміздің Тұңғыш Президентінің ұшқан ұясы. Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағына куә, әке-шешесінің көзін көрген қариялар осы Қарасай ауданының тұрғындары.
Тәуелсіз еліміздің тариxи тұлғасы шыққан ауылдан Оңтүстікқазақстандықтар ерекше әсер алды. Руxани азық жинап, ұлағатты жандармен жүздесті. Мұражайда сақталған ерекше естеліктерді көруде бұйырды. Қазақстандағы бойы ең ұзын Қалдыбай Атажанов Қарасай ауданының тұрғындарын таңырқатып, естелікке суретке түсіп жатты. Сапар соңында жуық арада баспаналы болған жанұялардың қуаныштарына ортақтастық. Яғни, әйгілі меценат — Назарбаев Болат Әбішұлының демеушілігімен салынған 20 баспанада әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандар ғұмыр кешіп жатыр. Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы өз ауылында көрініс тапқаны көз қуантты. Ендеше елден ештеңесін аямайтын ұлтжандылар көбейсін. Мемлекетіміз мәңгі, Тұңғыш Президентіміз және xалқымыз аман болсын!