Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. «Жуырда телефонмен сұхбат кезінде Президент Трамп мені Ақ үйге шақырды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне байланысты мен сонда боламын.
Сол кезде мен Вашингтонға баратын болып келістік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев Елордада 13 қараша күні өткен Астана клубының үшінші отырысында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдерді экономикалық мүдделер байланыстыратынын айтты. «300-ден астам америкалық компания Қазақстанда жұмыс істейді, олар біздің елге 50 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Олар -мұнай, энергетика салаларындағы ірі компаниялар. Біз технологиялар саласында да, бірлескен инвестициялар бағытында да ынтымақтастықты жалғастыруды қалаймыз», — деді ол.inform.kz


