15 қараша Ұлттық валюта — теңге күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Тәуелсіздік нышаны — төл теңге» тақырыбында көрме өтті. Көрмеде қазақ жеріндегі ақша айналымынан сыр шертетін жәдігерлер және музей қорында сақтауға алынған тәуелсіз Қазақстанның төл теңгелерінің үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
Қазіргі таңда әлемдегі жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар мен Қазақ хандығына қатысты, бүгінгі таңға дейін белгісіз болып келген тың жаңалық — Жәңгір хан атымен соғылған мыс ақша ұсынылды. Шыңғыс хан атымен соғылған алтын динарлардың Бұхара, Самарқан мен Газнада соғылып отырғандығы белгілі. Дегенмен, қорымызда сақталған, Самарқан ақша сарайында соғылған динар қазіргі таңда типологиялық тұрғыда әлемдегі жалғыз ақша болып отыр. Нумизматика тарихында қазақ хандары арасында өз атынан ақша соқтырған тек Тұрсын Мұхаммед ханның ақшалары ғана белгілі болып келген болса, Салқам Жәңгір хан атымен соғылған ақшаның табылуы қазақ нумизматикасының тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берері анық.
Ұсынылып отырған бұл тиын үлгісі өте сирек кездесетін ақшалар қатарынан. Көрменің мақсаты, қазақ жерінде ерте кезеңдерде айналымда болған ақшалардан бастап тәуелсіздігіміздің жаршысы болған теңгелердің 1993 жылғы үлгілері мен бүгінгі таңға дейінгі тарихынан хабар беру арқылы теңгенің ел тәуелсіздігі мен экономикасының дамуындағы маңызын жеткізу.