Вьетнамда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар арасында шаршы алаңға соңғы болып шыққан Валентина Хальзова күміс жүлдегер атанды.
Ол финалда Қытай боксшысы Гу Хонгпен жұдырықтасып, өкінішке қарай қарсыласына жол берді. Бұған дейін 64 келі салмақтағы Мадина Нұршаева ақтық сында қытайлық Ду Данды айқын басымдықпен ұтып, алтын иеленген болатын.
Осылайша әйелдер арасында өткен Азия біріншілігін Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 51 келіде Назым Қызайбай, 75 келіде Дариға Шәкімова, 81 келіде Мөлдір Базарбаева және ауыр салмақта Ләззәт Күнгейбаева Қазақстан қоржынына қола медаль салған болатын.
Дереккөз: 24.kz