Бүгін «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімі бойынша партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Орталық аппарат ұжымына партияның жаңа хатшысы Ғабидолла Әбдірахымовты таныстырды. Ал Зауытбек Тұрысбеков басқа қызметке ауысуына байланысты аталған қызметтен босатылды. Мұхтар Құл-Мұхаммед З.Тұрысбековке партия қатарындағы тиімді еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне табыс тіледі. Зауытбек Қауысбекұлы аталған қызметке осы жылдың маусым айында тағайындалған болатын.
Ғабидолла Раxметоллаұлы 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1996 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 1999 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқару неміс жоғарғы мектебін бітірген. Еңбек жолын 1996-1997 жж. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ассистенті болып бастаған. 1999-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мемлектетік қызмет істері агенттігінің маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төрағасының орынбасары және төрағасы лауазымына дейін қызметтер атқарған. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды. Ал, 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2015 жылдың тамы айынан Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарып келді. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген.
«Айғақ-ақпарат»