Дүниежүзілік WAF — 2017 фестивальінің ұйымдастырушылары финалға өткендердің тізімін жариялады. Тізімде 400-ден астам нысандар қамтылған, олардың қатарында таяуда ғана пайдалануға берілген Астана вокзалы да бар, деп хабарлайды «Крыша».
Байқау талаптарына бойынша, жоба авторы — Tabanlioglu сәулет бюросы қатаң іріктеуден өтіп, биылғы жылдың күзінде өз жобасын Берлинде көпшілік назарына ұсынбақшы. Қазылар алқасы фестиваль жеңімпаздарын 15 және 17 қарашада хабарлайды.
Аталмыш шара жыл сайын өткізіледі және биылғы жылы он жылдық мерейтойын атап өтпек. Бұл жолы ұйымдастырушылар бірнеше мыңдаған өтініштерді қабылдаған.
WAF-ты көбінесе архитектуралық «Оскар» деп атайды. Салтанатты шарада түрлі номинациялар бойынша үздік отыз нысанды анықтап, ең жоғарғысына «Жыл ғимараты» аталымын табыстайды. Байқау жеңімпаздары дүниежүзіне танылып, көптеген артықшылықтарға ие болады.
Айта кетейік, Астанадағы жаңа вокзалдың құрылысы 2014 жылы басталды. Құрылыс жұмыстары Халықаралық көрме қарсаңында, 2017 жылдың мамыр айында аяқталды.
«Нұрлы жол» атауына ие болған нысан Астана қаласының Алматы ауданындағы Мұстафин көшесінде орналасқан. Ғимарат ауданы 120 мың шаршы метрден асады, ал вокзал арқылы тәулігіне 35 мың жолаушы өтеді.
Дереккөз: inform.kz