Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазақ-түрік кәсіпкерлер қауымдастығы қасиетті Рамазан айында 400-ден аса отбасыға қайырымдылық көмегін таратты.
Өңірдегі қауымдастық мүгедек жандар мен жалғыс басты аналарға және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 500-ден астам азық-түлік себетін таратты. Әлеуметтік себет ұн, май, шай, шекер, күріш пен макарон сынды алғашқы қажетті азықпен толтырылған.
Бұл отбасылар тізімін облыс әкімдігінен алғанын айтқан кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шаралар жалғасын табатынын айтып отыр.
Бүгінде «Қазақ-Түрік» кәсіпкерлер қауымдастығында 50-ден астам қазақ-түрік кәсіпкерлері тіркелген. Бұл қауымдастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың арта түсуіне ықпал етіп, құқықтық көмек көрсетеді және өңірге инвесторлардың көптеп келуіне ықпал етіп келеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


