Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Экономика мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің отырысын өткізді – деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында салық саясатын жетілдіру мәселелері талқыланды, сондай-ақ «Қазақстанның Ұлттық технологиялық бастамасы» 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жобасы қаралды.
Отырыс аясында ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов сөз сөйледі. Бұдан өзге, сараптама қауымдастығының өкілдері: «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы С. Мәдиев, «Oil Gas Project» ЖШС директоры Ж. Ахметов, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ бас директорының кеңесшісі Ж. Күлекеев, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Ү. Шаяхметова, «Стратегиялық бастамалар орталығының» аға серіктесі О. Құдайбергенов, «Ракурс» Экономикалық талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры О. Жандосов, «Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры М. Махмұтова, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов және басқалары өз түсініктемелері мен ұсыныстарын айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сарапшылардың ұсыныстарын зерттеуді және жұмыста ескеруді тапсырды.