Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына айрықша қолдау танытып, үн қосып келе жатқан «Айғақ» телеарнасы кезекті телеэкспедицияға шықты. Тың жоба ОҚО мәслихатының депутаты, ОҚО Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Дулат Әбіштің бастамасымен жүзеге асуда.
Маусымның 29-күні Шымкенттен жолға шыққан түсірілім топ Жамбыл облысының территориясын басып өтіп, қазіргі таңда Алматы облысында түсірілім жасап жатыр. Анығырақ айтсақ, Талдықорған қаласы, Ескелді ауданындағы тарихи орындарды аралап, құнды мағлұматтар жинау үстінде.
Аталған аудандағы Сара ауылы аумағында орын тепкен Қапал батыр ескерткішіне аялдаған түсірілім топ ержүрек ерге тағзым жасады. Осы сәтте, ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен ескерткіш маңын тазалау, көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. «Сабақты ине сәтімен» келіп, ауыл әкімі Оразбек Құрманғали арнамызға сұхбат берді. Кең байтақ қазақ даласының біртұтастығы үшін жаумен алысып, қаһармандық танытқан ержүрек ерге көрсетіліп жатқан құрметті көріп, қуандық.
Қапал батыр (1513–1606) — Тәуекел мен Есім хандар тұсындағы көрнекті қолбасшы. Сырдария бойындағы қазақ қалаларын жаудан азат ету жолында және қазақ хандығының шығысында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте аты шыққан батыр. Бүгінде батыр атымен Шымкент қаласында үлкен көше бар. Сондай-ақ, Қапал батырдың ОҚО-нда ұрпақтары тұрады.
«Айғақ-ақпарат».