Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысы басталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Биыл кеңестің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін біздің кездесуіміз жақсы дәстүрге айналды. Біз біраз жұмысты бірге атқардық. Сіздер Қазақстан экономикасының қалыптасуына және біз жүргізіп жатқан реформаларды жүзеге асыруға үлкен көмек көрсеттіңіздер. Біздің кездесулеріміз өте өзекті тақырыптар: экономиканы дамытудың сұрақтары талқыланатын алаңға айналды. Кеңеске елімізде жұмыс істейтін ірі шетелдік компаниялардың мүшелері кіреді. Жыл өткен сайын олардың қатары жаңарып отыр», — деді Елбасы.
Сөз арасында Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін атады. Оның айтуынша, Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірген.
«Негізгі тақырыптарды талқыламас бұрын мен сіздерге кеңестің жаңа мүшелерін таныстырғым келеді. Ол Азиялық даму банкінің вице-призиденті Дивакара Гупта, «Моребэни корпарейшин» компаниясының Еуропа, Африка және ТМД мемлекеттері бойынша аға жергілікті атқарушы офицер Наоя Ивашита. Олар зейнетке шыққан әріптестерін алмастырды. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірді. Мұнда бақылау компаниялардың мүшелері отыр. Осы жиынға қатысып жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Біз осы өз кездесуімізді «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аумағында өткізіп жатырмыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Биылғы жиынның тақырыбы – Жаңа энергетика.
Негізгі баяндамаларды Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Қазақстандық шетел инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурк, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «GE Oil & Gas» компаниясының президенті және бас директоры Лоренцо Симонелли, «Эни» компаниясының атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Азиялық даму банкінің вице-президенті Дивакара Гупта, «ERG» менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич жасайды деп күтілуде.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлардың кеңесі – Елбасының жарлығымен 1998 жылы 30-маусымда құрылған консультативті-ақылдасушы орган. Оның мақсаты инвестициялық мәселелерді жылдам шешу үшін Қазақстан үкіметі мен инвесторлар арасында тікелей диалог орнату. Әдетте бұл отырыстар жылына бір рет өтеді.
Дереккөз: Baq.kz