23 маусым күні Мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған салтанатты шарада 10 мемлекеттік қызметші ант қабылдады.
Шымкент әкімдігінің үлкен залында шаһар әкімдігінің 320 қызметкері жиналды. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа қызмет көрсету тиіс деген қағиданы еске салды:
— Мемлекеттік қызмет әр адамнан жауапкершілікті, туған жерге деген ынтасыз қызметті талап етеді. Біздің міндетіміз — күн сайын халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түсу. Біз мемлекеттік қызметке қабылданған күні қабылдаған антымызды ұмытпауымыз керек. Халықтың мемлекетке деген сенімі қарапайым мемлекеттік қызметшіден басталады,- деді әкім.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәлелдеді. 15 маманның лауазымын жоғарылату жөнінде ұсыныс жасалды.
Жиналыс барысында түрлі дәрежеде еңбек өтілі бар 10 мемлекеттік қызметкерге қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Ал тағы 10 қызметкер «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес салтанатты түрде ант берді. Салтанатты іс-шара шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.
Шымкент қаласы әкімінің ресми сайты