Қазақстанда тіркелген қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеушілердің жартысына жуығының жалған кәсіпорындармен байланысы бар. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов хабарлады.
«Қазақстанда 75 мың ҚҚС төлеушілер тіркелген. Олардың ішінде 35 мың кәсіпкердің жалған кәсіпорындармен байланысы бар болып шықты. Демек, олар салықтан жалтару үшін қаражатты жалған мекемелерден қолма-қол ақшаға айналдырады. Сол арқылы бизнесмендер адал кәсіп алдында, заңсыз мүлік иеленеді», — деп атап өтті Ахметжанов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде.
Оның айтуынша, бұл қалыптасып кеткен жағдайды бұзу үшін, жүйелік өзгерістер енгізу керек.
«Біз алдымен жалған фирманы анықтаймыз, содан кейін кәсіпорынның контрагенттерін іздестіреміз. Үкім шығарылғаннан кейін оларға салық төлеу туралы хабарлама жібереміз. Бір жалған кәсіпорында мыңдаған контрагенттер болуы мүмкін», — деді бас прокурордың орынбасары.
Сонымен қатар, алдағы уақытта нақты анықталған бір іс бойынша ғана жұмыс істеу керектігін ұсынды.
Дереккөз: 7kun.kz