Шымкенттік бас полицей прокурорға қатысты бейнежазбаны өзіне керектей етіп монтаждап алған. Сөйтіп қадағалаушы орган өкілін орынсыз айыпты етіп көрсеткісі келген. Мұндай мәлімдемені бүгін қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Нұрлан Әлиев мәлімдеді. Аталған әкімшілік істі қараған судьяның сөзінше, сот отырысы барысында облыстық прокуратураның аға прокуроры Нұржан Полатовтың спирттік ішімдік ішіп рульге отырмағаны дәлелденген. Көлікті оның досы Б.Мамырбаев тізгіндеген. Сотта жауап беру барысында Нұржан Полатов көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкерлерінің жанында олардың басшылары – Данияр Мейірхан болғанын айтқан. Оның айтуынша, қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы оған «Сен облыстық прокуратура қызметкерісің ғой, жергілікті полиция қызметкерлерін прокуратура тексеріп, мазалап жатырсыңдар» деп дөрекі сөйлеп, бас араздығы бар екенін білдірген. Содан азаматтық киімде болған бас полицей рациямен бірнеше қызметтік көлікті шақыртқан. Басшының айтуы бойынша қызметкерлері хаттамаға рульде қадағалау органы өкілі отырған деп толтырған. Бұл сөзді әкімшілік хаттаманы толтырған полиция қызметкері де растап, сотқа берген жауабында прокурор мінген көліктің жол ережесін бұзғанын көрмегенін жеткізіпті. Осы жауаптарды негізге алған судья сотқа қайта талап арыз түсірген прокурордың өтінішін қанағаттандырып, жергілікті полиция қызметкерлері толтырған хаттаманың күші жойылғанын айтты. Әрі дүйім жұртқа жария етілген бейнежазба да шындыққа жанаспайтынын тілгі тиек етті. «Полатовты тоқтатқан кезде Данияр Мейірхан сол жерде болған. Ол өзінің сымтетік құралына түсірген бейнежазуды, өзіне керектей етіп монтаждап алған. Және жүргізушіге қатысты хаттаманы толтыруға құқығы болса да, өзі хаттаманы толтырмаған»,-дейді судья Нұрлан Әлиев.
Еске салайық, Шымкентте жергілікті полиция қызметкерлері облыстық прокуратура қызметкерін ішіп алып, көлік жүргізді деп айыптаған болатын. Тіпті оның рульде болғанын дәлелдейтін бейнежазбаны жария еткен еді. Алайда қадағалау органының өкілі полицейлердің оған қатысты әкімшілік хаттама толтыруын заңсыз деп, сотқа кері шағым түсірген болатын.
halyknews.kz