Шымкенттік шенеунік 25 мамырды «Сыныптастар» күні деп атауды ұсынды. Облыстық еңбек инспециясы басқармасының басшысы Бастар Есқараевтың сөзінше бүгінде әлеуметтік желілерде «Сыныптастар» деген қауымдастық өте белсенді топтарға айналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. «Кейбіреулер жай сыныпта бірге оқығанымен, бауырластарынан да жақын болып кетеді. Ал, енді біреулер айырылмас достарға айналған. Үшіншілері құда- жекжат болып сыйласады. Тағы бірқатары бірін-бірі іздеп таба алмай жүреді. Сондай қызығы мен шыжығы мол балалық шақ — бал дəуреннің армандастар- құрдастарына арнайы бір күнді атауға толық негіз бар деп есептеймін», — дейді Бастар Есқараев.
Шенеунік сондай-ақ қазіргі таңда мектептерде өтетін «Соңғы қоңырау» күні әр жылғы бітірген түлектердің кездесуі үрдіске айналып отырғанын айтады. «Ал, 5, 10, 20, 30, 40, 50 жылдық сыныптастардың кездесулері — бүгінгі күннің заңдылықтары! Яғни, Сыныптастар деген «заңды» қауым бар деген сөз», — дейді басқарма басшысы. Бастар Есқараев бұл күнге арнап «Сыныптастарым» атты ән де шығарған. Әрі бұл әнге бейнебаян түсірілуде екен.
ҚазАқпарат
Фото: ҚазАқпарат