Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі барысында жаңа бас хатшы сайланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
«2017 жылғы 2 мамырдан бастап ҰҚШҰ бас хатшысы болып Юрий Хачатуров тағайындалғаны туралы шешім бірауыздан қабылданды», – деп мәлімдеді журналистерге ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары, бас хатшының міндетін уақытша атқарушы Валерий Семериков.
Бұрынғы бас хатшы Николай Бордюжа ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бірінші дәрежелі белгісімен марапатталды. В. Семериков жабық түрде өткен формальды емес кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ұжымдық қауіпсіздік өңірлеріндегі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша одан әрі жұмыс бойынша бірқатар қосымша нұсқаулар бергенін атап өтті.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ Ұжымдық кеңесінің төрағасы Александр Лукашенко кіріспе сөзінде мемлекет басшыларын төрағалық кезеңінде Беларусь жариялаған басымдықтар туралы хабардар етті.
Еске салсақ, Бішкекте «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғызстанның төрағалығымен ЖЕЭК отырысы өтуде. Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей, Молдова президенттері қатысты. Содан кейін ҰҚШҰ мүше мемлекет басшыларының формальды емес кездесуі өтті.
Дереккөз: naryk.kz