Төлеби ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2016 жылдың еншісінде атқарылған жұмыстарды қортындылады. Айтуынша, аудан бюджеті өткен жылы 12 млрд.158 млн.теңгені құраған. Ал ағымдағы жылы бұл қаржыға қосымша 4 млрд.185 млн. қосылып отыр. Төлебилік тұрғындардың алдында есеп берген Парманов алдағы атқарылар міндеттерді де тізбектеді. Баянадамада айтылғандай, 2017 жыл аудан үшін жемісті жыл болмақ. Өндіріс саласында үш ірі жоба қолға алынып, кәсіпкерлікті де көркейту назарда.
Қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті жерлерінің бірі Төлеби 2016 жылы толымды істерге тола болған. Яғни ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң серпін байқалады. Мәселен, облыстық бюджет есебінен 4 мектептің құрылысы жүріп, пайдалануға берілген. Халықтың маңызды қажеттілігінің бірі — ол көгілдір отымен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта, 254 млн. 406 мың теңгеге Қайнар, Нысанбек, Жаңатұрмыс елді мекендеріне газ құбыры тартылыпты. 2017 жылы халықты табиғи отынмен қамту үшін тағы да қазынадан 900 млн. аса теңге қаралып отыр деді аудан әкімі Бұхарбай Парманов. Нәтижесінде, табиғи газбен қамтылатын елді мекендер 83,6 пайызға жетпек. Өткен жылдың өнімді ісін іліп айтқан аудан әкімі ағымдағы жылы өңірде өндірісті дамыту мақсатында құны 1 млрд.100 млн. теңгені құрайтын үш жоба жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сондай ақ, Төлебиде құс етін өндіретін кәсіпорынның құрылысы іске аспақ
Осылайша өткен жылдың жұмысын жария етіп,келешектің тірлігін кемелдеген аудан басшысының баяндамасынан соң , сөз кезегі жарыссөзге жазылған тұрғындарға берілді. Әдетте, есептік жиындарда өз атына айтылатын мақтауларды естіп, құлағының құрышын қандыратын әкімдерге көз үйреніп қалғаны қашан. Алайда, Парманов бұл үрдіске үзілді-кесілді қарсы шығып, нақты мазалаған сауалдарын жолдауға шақырды аудан халқын
Осыдан соң ғана, аттын басын бос жібергендей, сөз төркінін түгелдеп туралыққа көшті Төлебиліктер. Бүгінгі таңда тау халқын таза ауыз судың мәселесі алаңдатады екен. Сондай- ақ, қаладағы ішкі көшелердің сапаса сын көтермейді дейді Леңгірліктер. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан орталығында әлі күнге дейін бірде-бір замануи спорт зал жоқ.
Қызмет бабымен ауылдан жырақ жүрген Төлебидің тумалары да бұл күні әкімінің есебіне арнайы келіпті. Облыс басшысының «Туған жерді түлету –перзенттік парыз» атты бастамасын екі қолдап қолдаған ел азаматтары Бұхарбай Рысқұлұлының аудан үшін атқарып жатқан жұмыстарына алғыс айтты.
Жиында сөз алған Құдайберген ақсақал Леңгірдегі жұмыс істемей, тірлігін тұралатып қойған фабрика, зауыттарды қайта іске қосу керек дейді. Алып өндіріс орындарын жандандырып, бойына қан жүгіртсек жұмыс іздеп сабылып сыртқа кеткендер ауылға қайта оралады дейді, жанашыр қария.
Аудан әкімінің жылдық қорытынды есебіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің құлағына да алтын сырға. Тап осылай деп мінбеде сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев ширек ғасырдан бері талай мәдени іс шаралардың куәсі болған мәдениет үйінің бүгінгі жағдайын айтып, қынжылды.
Төлеби ауданы әкімінің жылдық қорытынды есебін Ұласбек Сәдібеков түйіндеді. Ауданда әлі де бірқатар өзекті мәселелерді шешу керек деген басшы Пармановқа білім сапасын көтеру,ауылдық клубтарды назардан шығармау сынды тапсырмаларды жүктеді.Өйткені,өткен жылы ауылдық кітапханалар мен клубтардың материалдық базасын нығайтуға бюджеттен мүлдем тиын бөлінбеген. Жұмыс бар жерде ,кемшілік те болады деген Сәдібеков сөз соңында Төлебидің халықымен бірге аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
Оң бағаның артында халықтың үлкені сенімі ,үкілі үміті тұр.Мұны Бұхарбай Парманов жетік түсінеді.Атқарылған жұмыстар бар,атқарылмағаны одан көп деген аудан басшысы 2017 жыл толағай табыстарға тола болады деді.
Гүлжан Нұрланқызы