Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ресейлік «Акрон» компаниясы президентінің кеңесшісі Иван Антоновпен кездесті. Екі жақты кездесу барысында тараптар аталған компания мен Оңтүстік Қазақстан облысының арасындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруды сөз етті.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен оның әлеуетін таныстыра келіп, отандық және шетелдік инвестицияны өндіріске, ауыл шаруашылығы салаларына тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар әкім шетелдік инвесторларға еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар негізінде жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді.
«Үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік аграрлық аймақ саналады. Облыста соңғы жылдары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Бұдан бөлек, тау-кен саласын игеруде де тәжірибеміз мол. Сондықтан бүгінгі кездесудің маңыздылығы ерекше», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Акрон» компаниясы президентінің кеңесшісі Иван Антонов Қазақстан мен Ресей елі арасындағы достық және экономикалық қарым-қатынастың жылдан жылға нығайып келе жатқанын айтты. Ол сондай-ақ «Акрон» компаниясының құрамына ресейлік ірі тау-кен байыту комбинаттары кіретіндігін мәлімдеді. 1967 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде Ресейдің бірқатар облыстарында минералды азот және фосфат тыңайтқыштарын өндірумен және күріш өсірумен айналысады.
«Біздің компания минералды тыңаштқыштар әзірлейтін әлемдегі үздік кәсіпорындар қатарына жатады. Қазіргі таңда кен өндіріп, түрлі химиялық тыңайтқыштар шығарумен айналысатын компанияда 12 мыңға жуық азамат еңбек етеді. Алдағы уақытта осы бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарымыз сәтті аяқталып, келесі кездескенде ауқымды жобаларды іске асыруға келісім жасалатынына сенімдімін», — деді Иван Антонов.
Ресейлік компания өкілдері іс-сапар барысында облысымыздағы индустрияалды аймақтағы кәсіпорындардың жұмысымен танысады.
Айта кетейік, Ресей Қазақстанның сауда саласындағы дәстүрлі ірі серіктесі болып саналады. Өзара тауар айналымның орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Бүгінде Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі