Оңтүстік Қазақстан облысында өткен үш күндік «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» аясында делегация құрамы өңіріміздің тарихи жерлеріне саяхат жасады. Атап айтқанда, түрік кәсіпкерлері Отырар ауданындағы «Отырар төбе» қалашығына барып, тарихи сырына қанықты. Мұнан соң, «Арыстан баб» кесенесіне зиярат жасалып, баба рухына дұға бағышталды.
Мәртебелі меймандарды арнайы күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов делегаттарды болашақта ауданда жүзеге асырылатын жобаларымен таныстырып, бауырлас елдің өкілдерін өңірдің туризм саласына инвестиция салуға шақырды.
Аудан басшысының мәліметінше, өткен жылы «Отырар төбе» қалашығына 110 мыңнан астам турист келсе, оның 5 мыңы шетелдік саяхатшылар екен. «ЕХРО- 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында қызу дайындықты бастап кеткен мамандар шетелдік қонақтар келген уақытта «Арыстан баб» кесенесінен бастап «Отырар төбе» қалашығына дейінгі аралық көшенің халықаралық талаптарға сай көріктендірілетінін айтады.
Бұл күні делегаттар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де аралады. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде болды. Өңірдің туристік әлеуетімен танысқан шетелдік қонақтар облысымыздың тарихи жерлерге бай екенін айтып, жоғары бағалап, соған сай болашақта мұндағы туризм саласы одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
ОҚО әкімінің ресми сайты