Ел жағдайы мен тарихы көп жағдайда билік басында отырған адамға байланысты. Елбасы қандай екенін ол туралы ресми құжаттардан емес замандастарынын естеліктерінен, жақын адамдарға айтқан сөздерінен байқауға болады. Әйгілі грек ғалымы, біздің дәуіріміздің 46-120 жылдары шамасында өмір сүріп, өз дәуірінің ұлы адамдары туралы кітап жазған Плутарх: «көп жағдай қандай бір елеусіз қылық, орнын тапқан бір ауыз сөз немесе әжуа-әзілдің өзі … адамның мінезін айқын ашып береді» — деп жәй айтпаған.
Мысалы Н.С. Хрущев қандай еді дегенде орыстар алдымен оның Украинаға Қырымды беруін жыр етіп айтса, қазақтар жадында Қазақстанның солтүстіктегі астықты бес облысты Ресейге, Маңғыстау түбегін түркменге қосу, Талдықорған, Алматы және Жамбыл облыстары жерінде Ұйғыр автономиясын құру жоспарларымен, оңтүстіктегі аудандарды Өзбекстанға сыйлауымен, осы «дана» ойларын қоштамаған Д. Қонаевты, Ж. Тәшеневты қызметтерінен кетіріп, жер жағдайы көтере ме, жоқ па дегенге қарамай жаппай жүгері еккізуімен, ауыл тұрғындарының жеке мал ұстауына тыйым салу әрекеттерімен қалды.
Никита Сергеевич қызметінен түсіп, орнына Л.И. Брежнев отырған соң 1964 жылдың аяғында, Д. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне қайта сайланды. Осыдан 1986 жылдың аяғына дейін Советтік Қазақстан тарихы Д. Қонаевпен тығыз байланысты болғаны белгілі. Ғаламторлардағы анықтамаларда, түрлі басылымдарда Д. Қонаевтың кезінде Қазақстанда пәлен зауыт пен қалашықтар салғаны жөнінде немесе еліміз қанша мәрте миллиард пұт астық өткізгені көрсетіледі де, оның ұлттық құндылықтарымызды қорғап дамытудағы қызметі, шынайы адами қасиеттері тасада қалып қояды.
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қиын дәуірде өмір сүрді. Совет заманында Қазақстанды басқарған санаулы қазақтың басым бөлігі ұлтшыл, ұлтшылдық деген сөзді есітпей жұмыстан босамаған десе болады. Бұл нәубет басқа ұлттан шыққан басшыларға қатысты болды. Димекеңнің пікірінше маршал атағын алған Берияның түбіне жеткен оның аз ұлттарға көбірек бостандық беру идеялары негіз болған. Бауржан Момышұлының баласына Димекең сырын ашып атақты Берияның одақтас республикалардың еркіндігін күшейту мақсатында жеке әскер ұстау құқын беру, орталықтан басшы жібермеу және өз ұлтынан елбасын өздері таңдау туралы реформалар дайындағаны туралы қағаздармен таныс болғанын айтқан. Берияның осындай ойларынан қорқан Н.С. Хрущевпен оның сыбайластары оны өлтірткен екен
Никита Сергеевич естелігінде 1946-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовты тың игеруге қарсы шығуына ұлтшылдық көзқарасы («Шаяхметовым двигали националистические мотивы») себеп болды деген пікір айтады: «Шаяхметов понимал, что если увеличить площади под зерно, то обрабатывать их казахи сами не смогут… придется звать на помощь добровольцев, желающих поехать на освоение целинных земель… А он этого вовсе не хотел, ибо тогда еще сильнее снизится удельный вес коренного населения в Казахстане».
Ұлтшылдық деген сөз Никита Сергеевичтың тарапынан Қонаевқа да айтылған екен. Қазақ Республикасын бөлшектеп, жерлерін көршілерге үйлестірудің жоспарын әңгімелеп берген Н.С. Хрущевқа Д. Қонаев:
« — Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма? – деген екен.
Осы сөздердің ауыздан шығуы мұң-ақ екен, Хрущев орнынан атып тұрып: «Бұл қарғыс атқан ұлтшылдық қашан ғана құриды?!» — деп столды жұдырықпен қойып-қойып жібергенде хрустальдар бір-біріне соқтығысып, бірді-екілі фужер сынып та кеткен» (Ерғалиев Х. Алаштың ардақтысы // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 32-33 б.). Бұл келіспеушілік ақыры Қонаевты қызметінен кетіріп, орнына Юсупов деген біреудің келуіне әкеліп соқтырды.
Осы екі кісінің ой-өрісі, қимыл-әрекеті бір-бірінен қаншалықты алшақ екенін бірнеше жағдайдан-ақ байқауға болады. Юсупов басшы кезінде Бауыржан Момышұлы бір әртістің әйелін тартып алыпты деген мақала жарияланады. Юсупов батырды алдына шақырып одан түсінік беруін талап етеді. Баукең қағаз бетін оңнан солға қарай төте жазумен (яғни араб әріптерімен) толтырып кабинеттен шығып кетіпті. Мұндай жазудан хабары жоқ болған соң оқи алмай қиналған Юсупов Қонаевты шақырады. Димекең батырдың жазғанымен танысып ішек-сілесі қатып күліпті. Баукеңнін түсінігінде «Гвардия полковнигі деген атағым бар. Аздап қатындармен шатағым бар. Жас жігіттей қылшылдаған күш-қуатым бар …» — деп жазған екен. Қонаев одан түсінік талап еткенде не ойладыңдар? ол сүйікті Қамашымды бүгін қайтарып беремін деп жазуы мүмкін бе еді? Қай әйелге тұрмысқа шығу үшін біреуден өкім-тапсырма қажет деп сөзін қорытыпты» (Дабаев И. ХХ век. Портреты выдающихся деятелей. Алматы, 2015. 170 б.).
Л.И. Брежневтың көмегімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланған Қонаев ендігі кезекте қазақтардың ұлттық мүдделерін қорғады ма? Жүрегі шайлығып қалмады ма екен? – деген сауалдар туындауы мүмкін. Сұрақтарға жауапты ең алдымен онымен аралас-құралас, қызметтес болған ардагерлердің, замандастарының жазғандарынан ізделік.
1965 жылдың күзінде, яғни Қонаевтың хатшы болып сайланғанына әлі жыл толмаған кезде шошқа мәселесі алдынан шығыпты. Ау, Қонаевтың және қазақтың шошқаға қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін. Қазіргі жастар сол кездегі биліктің қазаққа шошқа бақтырып қойғанын біле бермейді. Харам малды ұстау мұсылман баласына қалай ауыр тигенін жеткізу қиын. Көптеген қазақы ауылдар шошқаны бақтыру үшін басқа ұлттың адамын іздеумен әлек болды. Шошқаның жағдайын жасаймыз деп жергілікті атқамінерлер әуре-сарсаңға түсті. Ал Шәуілдір ауданында шошқаға жайлы қора саламыз деп көне қала — Отырарды бұзып байырғы күйген кірпіштерін алғызды. Көне көздерден сұрастырсақ, оңтүстікте сол кезде шошқа ұстамаған ауыл кемде кем сияқты.
Қонаевтың орнына Никита Сергеевич әкелген басшы шошқамен шектелмей есек етін де пайдаға асыруды армандапты. Халық жазушысы Х. Ерғалиевтың бұл жағдайды еске түсіре отырып Юсупов, яғни «Исмаил әка түркімен жазушыларын қабылдай отырып: «Біз жеңсік тағам ретінде ет комбинаттарына есектің етін тапсыртамыз», — дегенде қасында тұрған қазақ атаулының бастары салбырап, жерге қарағаны өмірі есімнен кетпейді деп жазады (Ерғалиев Х. Алаштың ардақтысы // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 36 б.). Құдай сақтап, Н.С. Хрущев пен Юсуповтардың жойқын жоспарлары іске аспай қалады.
1964 жылдың қазан айында КСРО-дағы билік басына Леонид Ильич келді де Ташкентте өткен бір жиналыста Юсуповты шақырып алып, Қазақстан Ресейден кейінгі ең үлкен республика, онда ауқымды өнеркәсіп те, ауыл шаруашылық өндірісі де бар, зор құрылыстар салынуда. Мұндай алыпты тек білімі терең, тәжирибесі мол адам ғана басқара алады. Ал Сізді басшы еткенде біз қателесіппіз, біліміңізді ескермеппіз. Сіз бар жоғы Талғар сельхозтехникумын бітірген екенсіз, осы қателікті қалай жойсақ деп сөзін түйіндегенде Юсупов арызын жазуға дайын екенін білдіріпті.
Желтоқсан айында Д.А. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланады. Исмаил әканың жұмыстан кетуімен есекті ет комбинаттарына өткізу жоспары да ұмытылады. Ал шошқаны өсіруден қазақ қалай құтылды?
Соғыс және еңбек ардагері Әдіһам Шілдерхановтың естелігіне назар салсақ, 1965 жылы Алғабас ауданындағы бітік шыққан жүгеріні көруге Димекең келеді. Кездесу аяғында ұжымшар басшысы Ә. Шілдерханов облыс басшыларына ұсынысын болса айт дегенде «кеңшарымызда қой өсіріледі. Қара мал мен жылқымыз да бар. Соған қоса тағы да шошқа өсіру жоспарланған. Шошқаның еті қойдың етінен 8 есе қымбатқа түседі. Осының жоспарын қой етімен өтеп, шошқа өсірмей-ақ қояйық деген өтінішіміз еш жерден қолдау таппай жүр» дейді. Әдекеңнің сипаттауынша «Димекең Ливенцовқа сұстана қарап ызғарлы үнмен: Ей, сен қазаққа шошқа бақтырып қоймақсың ба! –дейді. … Димеке, Димеке, — деп Ливенцов кібіртіктей сөйлеп, өзіміз де таза қазақы аудандардағы шошқаларды алсақ па деген ойда жүр едік. Қалай да орындаймыз»», — деп уәде береді. … Ізбе-із кеңшарымыз шошқа өсіру тауқыметінен құтылды. Жалғыз біз емес, тек қазақтар тұратын Алғабас, Созақ, Шәуілдір аудандарының бәрінен де шошқаны жиып әкетті» — деп көрсетеді белгілі соғыс және еңбек ардагері (Ә.Шілтерханов. Шығармалары, ІІ т. Алматы, Ордабасы, 2007. 252 б.).
Сол 1965 жылы Димекең Ресейде оқитын қазақ студенттері құрған «Жас тұлпарға» да араша түсіпті. Қазақтың тілі мен басқа да рухани мәселелерін көтере бастаған «жас тұлпарлықтар» — «буржуазиялық ұлтшылдар» болып қудалауға түсе бастаған екен. Ұйымның басшысы Мұрат Әуезовтың жазбаларына сүйенсек: «біз, «жастұлпарлықтар» осы айыптаулардың басты нысанасына айнала жаздадық. Бұл жолы да бізді құтқарып қалған Димаш Ахметұлы болды. Оның біз туралы: «Бұл еліміздегі ең үздік жоғары орындарының студенттері, еліміздің ертеңгі бетке ұстар зиялылары, біздің оларды аялап, қорғай білуіміз керек» деген сөздері «шолақ белсенділердің» аузына құм құйған-ды» (Әуезов Мұрат. Жаратылысы ерекше жан // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 123-124 бб.). Бұл кезде Қазақстанның басшысы әлі де Исмаил әка не соған деңгейлес біреу болғанда «Жас тұлпар» репрессияға ілініп кетері анық еді.
Бозбала кезінде Мұхамеджан Тынышбаевты үлгі тұтқан (Кунаев Д. О моем времени. Алматы, 1992. С.15), Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа білген (Әуезов Мұрат. Жаратылысы ерекше жан // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 123 б.) Димекең жазушылармен, өнер адамдарымен, жалпы халықпен жақын болды. Қазақтан шыққан алғашқы республика басшысы Ж. Шаяхметов билік басында тұрғанда қазақ интеллигенциясының озық тұлғалары қудаланғаны тарихтан аян. Қ. Сәтбаев Ғылым Академиясы президенті қызметінен алынды. Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, А. Жұбанов туған жерін тастап Мәскеуге, Ресейге кетуге, сол жақта күн көріс қамын жасауға мәжбүр болды. Әйгілі тарихшылар Е. Бекмаханов пен Б. Сүлейменов ғылыми зерттеулері үшін Қазақстанның Жоғары сотының жабық мәжілісінде «жау ғылымының өкілдері» болып шығып 25 жылға сотталып Сібірге кетті. Ғылым академиямыздың корреспондент-мүшесі Жұмалиев және тағы басқалар алдындағылардың кебін киді.
Ал Димекең рухымызды көтерген, санамызды өсірген, ұлттық тарихымыздың жабулы беттерін қайта қауыштырған жазушыларға қорған, қамқор бола білді. Олардың ішінде М.Әуезов, І.Есенберлин, О.Сүлейменов болғанын білеміз. Атақты ғалым, жазушы Құлбек Ергөбек Димекеңнің қазақ әдебиетінің тарихын тереңдеткен проф. Бейсенбай Кенжебаевпен де хабарласып отыратынын, қала ортасынан үй бергізгенін, көлік ұсынғанын, жалпы айтқанда қарайласып тұрғанын айтады. Тізе берсек, қазақ зиялылары ішінде Димекеңнің шапағатын көргендер аз болмаған. І.Есенберлиннің сөзімен айтсақ, «Әсіресе, ол кім жиі тұңғиыққа тірелген болса немесе кімнің өмірі бір тал шашқа ілініп тұрған болса, соларға қымбат еді».
Димекеңнің І.Есенберлинге, басқа да зиялы өкілдеріне жасаған жақсылығын жазушының інісі, ғарышқа самғаған «Боранның» ыстыққа шыдамды сыртқы қабатындағы құпия материалын жасаған ғалым Раунақ Есенберлин былай сипаттайды: «Ол оған көмегін тура да, жанай да аяған жоқ. Әсіресе, екі оқиға Ілияс үшін өте мәнді еді. Бірінші жолы Димаш Ахметұлы Қонаев Ілиясты өте ауыр жаладан аман алып қалды. Олжас жайлы халық біледі, ал Димекең талайды тоталиларлық жүйенің құрбаны қылмағанын тек кіші шеңбер түсінеді. Екінші жолы Димаш Ахметұлы Ілияс дарынына сенім артты. Нәтижесінде қазақ халқының бетке ұстар мақтанышына айналған «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары жарық көрді» (Есенберлин І. Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар. Алматы, 2015. 244 б.).
Олжас Сүлейменовтың сөзімен айтқанда, Қонаев әдебиет пен өнердегі әрбір жаңа тұлғаны байқап отыратын. Оның қолдауына ілінгендер аз болмады. — «Он замечал появление каждого нового имени в литературе и искусстве. Его внимание испытали на себе многие» (Сүлейменов О. Мое слово // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 95-96-бб.). Арнайы шақырып Шәмші Қалдаяқовқа қала орталығынан үш бөлмелі үй бергізгені, баспадан әндер жинағын шығаруды міндеттегені белгілі. Димекең қолдағандардың ішінде Әбілхан Қастеевті, Молдахмет Кеңбаевты, Нұрғиса Тілендиевті айтсақ та жеткілікті. Әзілхан Нұршайықовтың жазуынша «Отырар сазының» да, оны қалыптастырған Нұрғиса Тілендиевтің де өсіп, өркендеуіне Димекең тікелей қамқорлық жасады» (Әзілхан Нұршайықов. Ұлттық ұлы қазына // Есенберлин І. Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар. Алматы, 2015. 144-145 бб.).
Қонаевтың кезінде қазақ даласының тағы бір ұлы тұлғасы, Екінші Ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабиді туған жеріне қайта таныстыру мақсатындағы ең мәртебелі шаралар өткізілді. Советтік дәуірде Республиканың бірінші басшысының ерекше қолдауынсыз мұндай жиындар өте ме? 1975 жылы Мәскеуде 8-9 қыркүйек пен 12 қыркүек аралығында Алматыда Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекесіне арналған халықаралық конференциялар өтті. Алматыдағы жиынның дәрежесін көтеру мақсатында Д.Қонаевтың өзі қатысты. Әйтпесе ортағасырлық ғұламаға арналған конференцияға СОКП Орталық комитетінің саяси бюро мүшесі, Одақтық парламент депутаты, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының мүшесі Д. Қонаев қатысуға міндетті ме? Қатыспаса да ешкім еш нәрсе дей алмас еді. Бірақ Димекеңнің қатысуы ғылыми басқосудың дәрежесін биіктеткені анық. Мұндай дәрежедегі конференция Әл-Фарабиге бұрын соңды да, кейін де өткізілген емес-ті.
Әл-Фараби тойынан бес жыл бұрын, яғни 1970 жылы Д.А. Қонаев атақты археолог Кемел Ақышевты қабылдап, жұмысы 20 жылға жоспарланған Оңтүстік Қазақстандық кешенді археологиялық экспедициясының құрылуына және жыл сайын аталған мақсатқа қомақты қаржы бөлінуіне ықпал етті. Экспедицияның басты зерттеу нысанасы Әл-Фараби отаны – Отырар болды. Мұндай қаражат бұрын-соңды Қазақстанда бірде-бір жәдігерді зерттеуге бөлінген емес-ті. Кейін археолог К.Ақышевтың, аудандағы алғаш музейді құрушы Асантай Әлімовтың ұсынысымен, облыс басшысы А. Асқаровтың қолдап тиісті шешім қабылдауымен Шәуілдір кентінде Қызылқұм ауданында салынуы тиіс алты тұрғын үй қаражаты есебінен үкіметтің ешбір ресми жоспарында қаралмаған Отырар музейінің салтанатты ғимараты бой көтерді. Кейін осы музейдің ашылуына, онда қойылған археологиялық жәдігерлер көрмесіне Димекеңнің тікелей өзінің келуі ғимараттың сәл-пәл „заңсыздау“ жолмен салғызғандарды қорғау, қазақтың байырғы тарихын, мәдениетін танытамын дегендерге қолдау деп түсінуіміз керек.
Қазақстанның ең таңдаулы археологиялық табылымы – Алтын адамды әлемге танытудың басында да Димекең тұрғанын көпшілік біле бермейді. Қазақстаннан шетелге көрмеге апаратын экспонаттарды көріп, Димекең: «Бұның ішінде Алтын адам неге жоқ?» деп Есік обасынан табылған және қалпына келтірілген сақ дәуірінің керемет жәдігерінің Египетте өтетін көрмеге сапар шегуіне жол ашқан.
Социализм де баршылығымен қатар жоқ-жұтаны көп қоғам болып шықты. Утопия мен тоталитарлық билікке негізделген коммунистік жүйе іріп шіри берді. Қағаз жүзіндегі «өмір» мен күнделікті тіршілік арасы күннен күнге алшақтай берді, шешілмеген мәселелер көбейе түсті. Көп жағдайда Д.Қонаев та көзбояушылықтың, алдаудың құрбаны болды.
Д. Қонаев қазақ жастарының қалаға орнығуы деген күрделі мәселені де шешуге әрекет етті. Бірде Димекең Алматы облысы мен Алматы қаласы басшыларына: «Ауылдан келген жастарды құрылысқа, өндірістік орындарға орналастыруға жете мән берілмеді деген мәселе көтеріп жекіген екен. Сол жиында Димекең: «Қаладағы паспорт жүйесін кім басқарады? Тұрғын үй басқармасын кім басқарып отыр? Неге пара бергендер қалаға тұрғын болып шыға келеді? Ал, ауылдан келген жастар неге есіктен есікке, тесіктен тесікке қаңғып жүреді? – деп талап қойған екен (Тәнекеев С. Тұлғасы ерен ер еді // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 83-б.). Димекеңнің кейбір әрекеті қанатымен су сепкен қарлығашқа ұқсайды, қолынан келгенше көпшіліктің мүддесін айта білді, шешуге тырысты.
Димекең адалдықты, тазалықты жоғары бағалаған. Димекеңің мына сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болады: «то, что стараются скрыть современники, рано или поздно высвечивает История. Втоптанные в грязь и преданные забвению, очищаются и встают, а искусственно возвеличенные падают с пьедесталов и на мундирах полководцев начинают тускло темнеть медали мародеров. Знаете, ребята, я всегда радовался и в глубине души гордился тем, что Баурджан не привез с войны, из разоренных немецких дворцов, музеев и домов ни одной коробки спичек, ни одной катушки ниток. … Чужое не приносит счастья, особенно если оно залито слезами и кровью» (Б.Момышулы. Сыновья Великого Волка. Алматы, 2004. 273 б.).
Д.Қонаев туралы естелік иелерінің басым бөлігі Димекеңнің қарапайымдылығын жиі атап өтеді. Қонаевтар әулетімен жақынырақ араласқан Ізгілік Дабаевтың пікірінше, бұл қасиет әке-шешесінен дарыған. Димекең іссапарға аттанарда міндетті түрде ата-анасына соқпай жолға шықпайды екен. Мұнысы: «Маған баталарыңды беріңдер, аман-есен қайтайын» -дегені. Іс-сапардан қайтқанда да өз үйіне бармай, әуелі әке-шешесіне барып, сәлемдеседі екен. Бұл нағыз қазақы тәрбиенің жемісі, баланың ата-анаға деген құрметінің көрінісі (Дабаев И. ХХ век. Портреты выдающихся деятелей. Алматы,2015. 106 б.).
Советтік дәуірдегі басқа басшылардан Қонаевтың тағы бір басты ерекшелігі — қазақтың байырғы әулие орындарын қастерлеуі дер едім. Димекеңнің естеліктерінде Түркістанда, Ясауи кесенесіне алғаш қашан барғаны көрсетілмейді. Бірақ 1961 жылдың басында Н.Хрущевқа Түркістан станциясынан өтіп бара жатып алыстан көрінген күмбезді құрылыс жөнінде бұл ислам дінін таратушы, философ, ақын Қожа Ахмет Ясауидің мазары, ол осы аймақ үшін «екінші Мекке», зиярат орны екенін, ХІҮ ғасырда жаңа кесенені Әмір Темір тұрғызғанын таратып айтқанына қарағанда Димекеңнің Түркістанда ертеректе болғаны, оның тарихымен жете таныс екені байқалады. КСРО басшысына қазақ хандары осы жерде жерленгенін, кесенеде қазақтың атақты ханы Абылайдың жатқанын, оның қазақ халқын біріктірудегі қызметін сипаттап, оның ұрпақтары Шоқан мен Кенесары екенін айтып береді (Қонаев Д. Өтті дәурен осылай. Алматы, 1992. 213 б.). Басқа біреу зәре-құты қалмай әңгімені басқа жаққа аударып бұғып қалар ма еді? Қонаев олай етпеді. Ол сол кезде қазақтың хандары – Абылай мен Кенесары туралы хабардар етті.
Отставкадағы ҰҚК полковнигі, соғыс ардагері Т. Жақыпбаевтың жазғандарына сүйенсек, 1967 жылдан бастап Түркістанға келгенде «бабаның құлпытасын ұстап, бетін сипап, суынан дәм татып кетуінің өзінде үлкен сыр жатқан сияқты. Бәріміз де білеміз, құран, намаз, құдай дегенге ешкікөздене қарайтын уақыт болды емес пе? Соған қарамастан Димаш ағамыз бабамыздың рухына тағзым етуін үзген емес» (Жақыпбаев Т. Қонаев зиярат ететін бе еді // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 264 б.). Димекеңнің 1983 жылғы сапарында қасында болған үлкен кісінің қабірханаға кіріп, Ясауидің моласын сипап шыққанын сол кездегі Түркістандық жөндеу шеберханасының бастығы, кесененің үлкен жанашыры Жантемір Әлімов те көрген.
Арыстанбаб кесенесі орналасқан Қызылқұм ауданының 1969-1970 жылдың қысының аяғында елді мекендерді су басып халықты әбігерге салды. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы Т. Тайбековке Димекең тікелей өзі телефон соғып ел-жұрт амандығынан хабардар болған соң «Жерді топансу алып кетті деп есітіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба, судың астында қалған жоқ па?» — деп сұрау салады. Одан әрі «Кесененің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеуімізді әруақ ұрады. Жазаның ең үлкені әруақ қой. Әруақ ұрған оңалмайды. Сондықтан бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп ТурВО-дан (Түркістандық әскери округінен) генерал бастаған саперлар барып вагонымен Темір стансасында турады. Өзен мен көлдердегі мұз буады деген жерлерді жарғызындар. Дұрыстап пайдаланып менің көмегім керек болса, телефон шал» депті.
Ардагердің естелігіне қарағанда әңгіме біразға созылған. Онда Димекеңңін, әулетінің ислам дініне, әулиелерге деген көзқарасы да анық байқалады. Димекең аудан басшысына: «Менің әкем діндар адам емес. Дінді оқып, уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді, оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ деп отырады. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып отырып таңданады, оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңірге барып қайтқанымды білсе «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба, жолын істедің бе ? – деп сұрап отырады» — дейді.
Әңгіме арасында Димекең өткен қыста Қырымда болғанын, онда Тегераннан келген діни қоғам мүшелерімен кездескенде бір кісі «Сіздің раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, қыблаң қайда, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім?» деп сұрағанын және оған «Алла тағала, Ислам, Мұхаммед, Қағба, Муаззамда, Адаш ата, Ибраһим» деп жауап бергенін жеткізеді. Әңгімесін аяқтай келе, «Оңтүстікке барған сайын жасы да, жолы да үлкен, Пайғамбардың көзін көрген деп алдымен Арыстанбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Ясауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген оғаш қиянатым болса, кешіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілдеп, әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін. Үнемі іштей сиынып жүретін әруақтың амандығын есіткен соң көбірек сөйлеп кеттім. Бұл әңгіме менен гөрі саған керек, Тәліп, аман бол», — деп Димекең тұтқаны жауып қойған екен (Жаппаров Ә. Арыстанбаб аман ба? // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 318-323 б.). Ұлық болсаң кішік бол деген осы болар.
Димекең Арыстанбабқа келгенде «Қабіртасы үлкен екен ғой, көлемін шамалап көрелік» деп әулие үстіндегі белгіні бір шетінен кере құлаштап ұстап, екінші шетіне дейін өлшеген болып тәуететін деседі қариялар. Бойы 2 метрге жақын Димекең (бұл қазақтардың орташа өлшемінен әлдеқайда артық) Арыстанбаб қабірі жатқан бөлмеге кірерде кішкене есігінің табалдырығына сүрініпті, не болмаса басын ұрып алыпты дегенді естіген емеспіз. Ал 2004 жылы Арыстанбаб кесенесін жөндеу барысында кейбір қазіргі атқамінерлер бір депутат есіктен өткенде басын ұрып алған, не болмаса табалдырыққа сүрінген деген сылтаумен қабірхананың төл табалдырығын алдырып тастауы ақылға сыймайтын сорақылық деп бағалаймын.
Арыстанбабты Димекеңнін ерекше қастерлеуінің тағы бір айғағы ретінде мына болған жағдайды айтып кету қажет. Советтік заманда Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы басшылары Арыстанбабқа таяу жердегі жайқалған жүгері алқапты Д.Қонаевқа көрсетпек болып, ағаш бөренелерден мұнара іспетті биік мінбер жасатып мәртебелі қонақты осы орынға алып келген. Бірақ көліктен түскен Димекең мінберге көтерілсе Арыстанбабтан биіктеп кететінін байқап «бабадан жоғары болмай-ақ қояйық» деп мінберге шықпапты. Біз жоғарыда өзіміз жұмыс жасаған жерлерде естіген Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауиге қатысты көпшілікке беймәлімдеу материалдарды ғана баян еттік. Ал Димекең Бәйдібек ата, Домалақ ана, Төле би кесенелеріне, қазақтың басқа да киелі орындарына барып қастерлегенін көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек.
Қонаевпен жақын араласқан Илияс Есенберлин оның еңбегін былай бағалайды «Көрнекті адамдар өз халқының бақыты немесе соры үшін туады деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы өз халқының бақыты үшін туылған, ол әрқайсымыз үшін өте қымбат. … Оның ең басты қасиеттері адам сүйгіштік, әділдік, істің мәнін терең түсінетіндігінде болып табылады. Терең ақылдылығы әрқашан оны өзгеше етіп көрсетті» (Есенберлин І. Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар. Алматы, 2015. 34 б.).
Димекеңнің қолында шектеулі билік болса да шамасы келгенше халықтың жағдайын ойлағанын, ұлттық мүддені қорғағанын халық білді де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде ғана емес, нағыз ұлт көсемі, басшысы ретінде таныды. 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінің» Димекең қызметінен босаған күні болуы бекер емес-ті. Қайрат Рысқұлбековтың атақты өлеңіндегі мына жолдарынан Димекеңе Мәскеулік биліктің жасаған қиянаты көрініс тапқан:
«Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден,
Қарадай көңілің қалмасын».
Димекеңнің кезінде қазақ төл тарихын таныды, әлемдік деңгейде ата-бабалары барын ұқты, әр салада қажырлы еңбегімен, үлкен жетістіктерімен көріне білді. Өзінің басқалармен терезесі тең, жасампаз халық екенін ұғынды. Қала мен ауылда елінің намысын жыртатын білімді, зиялы ұл-қыздары өсіп жетілді. Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне Д.А. Қонаев ерекше үлес қосты. Сондықтан Димаш Ахметұлы Қонаевты тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы бір саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуы тиіс, өнегелі өмірі жастарға насихатталуы қажет-ақ.
Фото: «gonzo.kz»
Мұхтар ҚОЖА,
т.ғ.д., Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің
«Тарих» кафедрасының профессоры