Бәйдібек ауданының әкімі қызметтен кетті. Бүгін, яғни 13 қазан күні Бәйдібек ауданының әкімі Батырбек Көшербай әкімдік тізгінін ұстаған сәтте бірге қоян — қолтық жұмыс жасаған әріптестеріне алғысын айтты. Аудан активін жинап, бірге қызмет жасаған 2 жыл 4 айдың ішінде атқарылған жұмыстарды саралаған Батырбек Көшербайға өз кезегінде ауданның мекеме басшыларының айтар алғысы да шексіз. Ол осы уақыт ішінде білікті, іскер маман екендігін көрсетті. Батырбек Көшербайдың атқарған лауазымы «Б» корпусының басшы лауазымына конкурссыз 6 айдың ішінде мүмкіндік береді.
2014 жылдың 4 маусым күні 55 мың 700 халқы бар Бәйдібек ауданына әкім болып тағайындалған Батырбек Көшербай аудан тізгінін ұстаған сәттен бастап киелі мекеннің түрленіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қажырлы еңбек етті.
Әлемдегі дуадақ өсіретін үшінші орын Бәйдібекте ашылды. Дуадақ құсын өсіретін орталықтар дүние жүзі бойынша Марокко елі мен Абу-Даби қаласында ғана бар. Енді нақ осындай нысан Оңтүстіктің Бәйдібек ауданынан бой көтерді.
Ал, осыдан біраз жыл бұрын ауданда көгілдір отын тарту жұмыстарының сапалы әрі өз мерзімінде жүргізілуі арқасында, Шаян халқы табиғи газға қол жеткізіп, мәре-сәре болды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде көптеген игі істің басы-қасынан табылған іскер азамат Бәйдібек ауданының түрленіп, келбеттене түсуіне көп еңбек сіңірді. Аз уақыттың ішінде елдің алғысына бөленіп үлгерген Батырбек Көшербай алда қандай қызметке келсе де, білімі мен біліктілігі бір төбе азамат үшін қайсыбір жұмыс болмасын ұршықтай үйіріп әкететіндігі көп нәрсені аңғартқандай.