Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Ontustik Tourism-2016» туристік форумы өз жұмысын бастады. Халықаралық шараға Кувейт, Македония, Испания, Пәкістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілері мен Консулдары, шет елдік және қазақстандық туристік операторлар, жоғары оқу орындары мен 10 шақты шет елдік БАҚ өкілдері, оның ішінде Ұлыбританияның «US Television», Испанияның «EFE» ақпараттық агенттігі, сонымен бірге, еліміздің өзге облыстарынан келген делегациялар да қатысуда.
Еліміздегі туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, «Оңтүстік Қазақстан — Ұлы Жібек Жолының жүрегі» ретінде дамытуды позициялау мақсатында өткізіліп жатқан екі күндік шарада бизнес-конференциялар өткізіліп, «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі мен облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылатын болады.
Оңтүстік Қазақстанда өтіп жатқан «Ontustik Tourism-2016» туристік форумында бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында 7 меморандумға қол қойылды. Олар Сарыағашта жаңа курорт қалашығын салу, туризм мектебін құру жəне халықаралық автодəліз жолының бойына қызмет көрсету сынды бірқатар нысандарды салу. Сонымен қатар, шара барысында өңірге инвестиция тарту бағытында бірқатар келісімдер жасалды.