Құрметті оңтүстікқазақстандық ардагерлер!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз», – деп әрдайым өзінің ардагерлерге деген құрметін білдіріп отырады. Бұл тұрғыда ісi ізеттілік пен үлгiлі өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбектерi ұрпақ санасында ұзақ сақталары сөзсіз.
Бүгінде зейнет жасындағы ардақты ардагерлердің даналық ақыл-кеңестерi мен имандылыққа ұйытқан сөздерi бiз үшiн қашанда қымбат. Қоғамымыздағы өзара түсiнiстiк пен берекелі бірліктің салтанат құруында мемлекеттік сындарлы саясатпен қатар, аға буынның да салмақты үлесi бар.
Еліміз егемендік алған жылдары бағындырған биіктеріміз мен жеткен жетiстiктерiміз Сіздердің лайықты еңбектеріңіз бен пайымды парасаттарыңыздың арқасы деп бiлемiз.
Тәуелсіздіктің небәрі жиырма бесінші жылына қадам басқан жас мемлекетіміздің қарқынды дамып, әлемде танымал болуы – бір жағынан, аға ұрпақтан мұра болып жалғасқан қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі. Қазақстан – бүгінде ардагерлерін, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарын қамқорлыққа алып отырған санаулы мемлекеттердің бірі.
Қымбатты ардагерлер!
Қарттар күні мерекесі көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, қуаныш сезімдерін ұлғайтсын. Еліміздің жаңа жетістіктеріне куә бола беріңіздер. Сіздерге сергектік, мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Оңтүстік Қазақстан
облысының әкімі Б.Атамқұлов