«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Түркия Республикасының экономика министрінің орынбасары, Түркия Ұлттық секциясының Комиссары Тарык Сонмезбен кездесу өткізді. Бұл туралы ақпарат ҚР Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланды.
А. Есімов көрмеге дайындық бойынша жұмыс туралы түрік тарапын хабардар етті. Ол бүгінгі күні 103 ел мен 17 халықаралық ұйым өз қатысуын растағандығын және қазанда қатысушы елдер одан арғы жұмыс үшін өз павильондарын алуына болатындығын атап өтті.
Өз кезегінде Т. Сонмез Түркияның Ұлттық павильонының тақырыптық тұжырымдамасы бойынша жұмыс туралы хабардар етіп, оның жуырда ұсынылатынына сендірді.
Сондай-ақ тараптар павильонды дайындау бойынша техникалық мәселелерді талқылады.