Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналып түсірілген «Ұлы Абай қазақ, өзбек халықтарының жарық жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмнің тұсаукесеріне ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы С. Үсенов және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысып, туындының мемлекеттер арасындағы достықты нығайтуға қосар үлесі зор екенін айтып өтті. Өзбекстандық «Мирас-фильм» киностудиясы түсірген фильмде қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны атанған Абайдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары қамтылған. Абайдың асыл мұралары жайлы қазақ және өзбек зиялыларының айтқан пікірлері фильмнің мәнін аша түскен. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек мәдени орталығы мен Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдете түсу мақсатында өзара меморандумға қол қойған. Бүгін тұсауы кесілген фильм осы меморандум аясында іске асқан жобаның бірі. Іс-шара соңында ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов екі ел арасындағы достықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан, деректі фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі