Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өнер және мәдениет саласының өкілдерімен қалалық мәдени кеңестің бірінші отырысын өткізді.
Алқалы жиында Ə.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, археолог Бауыржан Байтанаев Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы туралы тұшымды баяндама жасады. Археолог өз сөзінде көне Шымкент қалашығына қазба жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айта келе, жергілікті әкімдіктің қаржылық қолдауымен алдағы уақытта да бұл тақырыпты тереңдетіп зерттеу керектігін айтып өтті.
Көпшілік пікірін тыңдаған шаһар басшысы тікелей Шымқала тарихына қатысты шаруаға барынша қолдау көрсететіндігін, алдағы уақытта Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп, өскелеңұрпаққа қала тарихы туралы тыңақпарат беруге дайын екендігін жеткізді.
Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың қараша айында облыстық Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында шаһарымыздың зиялы қауым өкілдерімен кездескен қала әкімі жуық арада өзінің төрағалығымен мәдениет және өнер саласының кеңесін құратындығын айтқан еді. Әрі әр тоқсан сайын «дөңгелек үстел» басында жиналып, елдік мәселелерді кеңесетіндігін тілге тиек еткен болатын. Бұл реткі жиын әкім тапсырмасымен құрылған мәдени кеңестің алғашқы отырысы.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі