Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде «Қалалық даму саясатына шолу жасау» жобасын іске асыру аясында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды аймақ үшін бұл отырыстың маңыздылығына тоқталды.«Үш миллионға жуық халқы бар біздің облыс республикадағы ең ірі өңірлердің бірі болып табылады. Облыс орталығы – Шымкент қаласы оңтүстік өлкесінің экономикалық өсуіндегі агломерациялық орталығы болып табылады. Күнгейдегі жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі деп еліміздің тарихи-мәдени және рухани орталығы болып саналатын Түркістан шаһарын айтуға болады. Сондай-ақ, Кентау қаласы жылдан-жылға көркейіп келеді. Бүгінгі Сіздерден түскен ұсыныстар облысымыздағы қалалардың дамуына серпін беріп, Елбасының әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын орындауда қызмет ететініне сенімдімін», — деді Д.Сатыбалды.
Жиында сөз алған ЭЫДҰ жетекшісі Оскар Хуерта Мельхор аталған ұйымның атқаратын қызметін атап өтіп, «қалалық даму саясатына шолу жасау» жобасы шаһардың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерін жетілдіріп, Қазақстан қалаларының даму саясатына кешенді баға мен кеңес беретінін жеткізді.Атап өту қажет, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы — ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі болып табылады және жоғарыда тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу бойынша бүкіл әлемге ұсынымдар әзірлейді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі