Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары ассоцациясы төрағасының орынбасары Владимир Божко Оңтүстік Қазақстан облысына іс-сапармен келді. Жұмыс сапары кезінде В.Божко облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және славян этномәдени бірлестігінің белсенділерімен кездесті. Жиында этносаралық бірлік пен келісімді нығайту, облыстық славян этномәдени бірлестігінің жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Төраға орынбасары облыстық орыс және өзбек драма театрларында болып, өнер ордасының ұжымымен жүздесті. Сапары барысында В.Божко Сайрам мен Түлкібас аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда ол бірқатар шаруа қожалықтарды аралап көріп, жұмысшылармен сұхбаттасты. Елбасының Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының маңызын түсіндіру, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында Оңтүстікке екі күндік жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары ертеңгі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында сала қызметкерлерімен жиын өткізуді жоспарлап отыр.