Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және 6 шілде – Астана күніне орай, Түлкібас ауданындағы үш елді мекенге көгілдір отын берілді. Осылайша, Күнгейдегі Түлкібас облыс бойынша 100 пайыз табиғи отынмен қамтамасыз етілген бірден-бір ауданға айналды.Ауданның таулы аймағында орналасқан Келтемашат ауылдық округінің Дәубаба-1, Дәубаба-2 және Төрткүл ауылдарына жеткен табиғи газды беру салтанатына қатысқан өңір басшысы Б.Атамқұлов жергілікті халықтың қуанышымен бөлісті. Облыс әкімі ондағы 94 жастағы жергілікті ақсақал Сұлтан Кенжебековпен бірге көгілдір отын алауын жағып, қарияның шаңырағында болып, дастарханынан дәм татты.
Айта кеткен жөн, бүгінгі көгілдір отын жеткен үш елді мекенде 1,5 мыңға жуық халық тұрады. Бұл жұмыстар үшін облыстық бюджеттен 2 014 млн. теңге бөлінген. Бас қаланың туған күні қарсаңында Түлкібастың толықтай газдандырылуының тұспа-тұс келуі – бұл ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесіндегі үлкен жетістік десті жұрт. Жалпы ұзындығы 34,27 шақырым болатын газ құбырының құрылыс жұмыстарын «Энергоресурс» ЖШС мекемесі жүргізген. Мердігердің айтуынша, газ өткізу жұмыстары 2015 жылы басталып, осы жылдың маусым айында аяқталыпты. Айта кеткен жөн, жалпы ауданда соңғы 5 жылда 37 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі