Жаңалықтың жаршысы саналған журналистер қауымын кәсіби мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының әкімдігі арнайы құттықтады. Қала дамуының жарқын көрсеткіштерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, шаһар имиджінің қалыптасуына үлес қосып жүрген жандар үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Журналистика – қиыншылығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Қоғаммен етене жақын мамандық иелерінің негізі мақсаты халықты ақпаратпен қамтамасыз ету. Оның ішінде Шымкентей тарихы терең, болашағы кемел қаланың бүгінгі көркін өзгелерге үлгі етіп жариялап жүрген тілшілер қауымының жалғыз тілегі үшінші қаланың дамуына үлес қосу. Ашық аспан аясында өткен салтанатты жиында қала мэрі Ғабидолла Әбдірахымов қаламгерлердің еңбектеріне табыс тіледі.
Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ақпараттың айдынында журналистердің еңбегі елеулі. Қаланың дамуындағы үлес, қажыр-қайрат ескеріліп бүгінгі мерекелік жиында қала әкімі бірнеше журналистерге алғыс хаттар табыс етті. «Айғақ» телеаранасында еңбек ете жүріп, шаһардың тыныс-тіршілігін мен алған асуларын шынайы елге жеткізіп жүрген журналист Жомарт Бегімбет қала әкімінің мерекелік марапатына ие болды. Ойы ұшқыр жас қаламгер алдағы күндері Шымкенттің одан ары дамуына еңбек ететіндігін жеткізді. Мереке қарсаңында елдің танымдық және ақпараттық дамуында талмай қызмет етіп жүрген журналистер қауымы еңбектеріңіз жансын демекпіз!
Ботагөз Мәдібек