Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы Тәуке хан, Д.Қонаев даңғылдарын аралап, ондағы жаяу жүргіншілер үшін жасалынған шарт-жағдайдың қаншалықты екендігін тексеріп шықты. Тексеру барысында жол бетінің біркелкісіздігі, мемлекетте кемшіліктер мен тротуарлардың мемлекеттік талапқа сай емес екендігін айтып, бірқатар мәселелер бойынша жақын арада түзету жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар қала әкімі Шымшаһар көшелері қазіргі заманғы мегаполистың қалпына сәйкес болуы тиіс екендігін айтып өтті. Қаланың ішкі құрылымдық жолдарының жағдайын еліміздің ірі мегаорталықтарындағыдай етуді мақсат етіп, халыққа Астана мен Алматыдағыдай ыңғайлы кеңістік керек екендігіне тоқталды. Әрі қазіргі таңда шымкенттік тұрғындар қала көшелерінде еш кедергісіз велосипедпен еркін жүріп-тұруы өзекті мәселе екендігін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі