Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Облыстық кезеңнен суырылып алға шыққан жас таланттар Республикалық додаданың жолдамасын сарапқа салды. Керілген өр Алтайдың кер бұғысы — Оралхан Бөкей. Қазақ әдебетіндегі ең бір жұлдызы жарқын тұлғалардың бірі. Тереңнен толғап, теңдессіз суреткерлігі арқылы сөз өнерінің қадір-қасиетін ұққан жан қайбір оқырманын болмасын, ішкі әлеміне еріксіз елітетіні хақ. Алтайдың әсем табиғатын көркем бейнелей білген суреткер — Оралханның оралымды шығармаларын оқып өскен жастар бүгін бақ сынасқалы отыр. Солардың бірі жеребе бойынша бірініші болып өнер көрсеткен түлкібастық Фархат Дуанабеков. Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» шығармасын таңдап алған ол, Түлкібас ауданы пен асқақ Алтайдың табиғатында ұқсастықтарды байқағандығын айтады. Көркемсөз оқу шеберлерінің басын қосқан Оралхан оқулары 18-ші рет өткізіліп келеді. Байқау шарты бойынша үміткерлер 1-ші кезеңде Оралхан Бөкейдің прозалық шығармаларынан үзінділер оқуы тиіс болатын. Төлеби ауданының намысын қорғап келген Нұржігіт Таңатар жазушының «Қар қызы» шығармасын орындау үшін ауыл жігітінің образына еніпті.2-ші кезеңде қазылар алқасы қатысушылардың поэзиялық шығармаларды орындаудағы шеберліктерін байқады. Қатысушылар Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова сынды қазақ әдебиетінде өлең сөздің өрнегін салған дара танаттармен қатар жас ақындардың да шығармаларын орындады. Байқау соңында екі кезең бойынша көрерменнің ықыласына бөленген үміткерлерге жүлделі орындар табыс етілді. 16 қатысушының арасында оқ бойы оза шыққан кентаулық Бақыт Мыңбай байқаудың бас жүлдесін иеленді. Енді жеңімпаз Республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғамақ.
Ботагөз Мәдібек