7-маусым күні қала тұрғындары мен қонақтары Абай саябағында түрлі нақыштағы жүздеген әдемі фотокөріністерді тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл күні Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен 1-сәуір мен 10-мамыр аралығында өткен «Шырайлы Шымкент» фотобайқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.Фотобайқауға «Қала ерекшелігі», «Заманауи Шымкент», «Тарихи Шымкент», «Қала тұлғалар көзімен» және «Шымкент табиғаты» номинациясы бойынша 1800-ден астам жұмыс келіп түсті. Бұл байқауға кәсіби фотографтармен қатар, әуесқойлар да қатысты. Фотобайқаудың жалпы жүлде қоры 3 750 мың теңгені құрады. Байқаудың негізгі мақсатының бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының тарихи және мәдени мұрасына, әрі аталмыш өлкенің әсемдігіне қоғам, ел және облыс тұрғындарының қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, қаланың туристік орталық ретіндегі жағымды беделін қалыптастыру болып табылады.
«Қала ерекшелігі» және «Шымкент табиғаты» номинациясы бойынша белгілі фотограф Мақсат Шағырбаев жеңімпаз атанды.
Сараптау комиссиясы байқауда жүлдеге лайықты 36 қатысушыны анықтады. Фотокөрме жүлдегерлерді марапаттау рәсімімен басталып, кеш соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай үздіктерді бағалы сый-сияпаттарымен марапаттады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі