Мемлекеттік қызметке орналасуға әркімнің де таласы бар. Қолдарына дипломын алған жас мамандарға жол ашқан бүгінгі «Ашық есік» күні кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысына бағытталып отыр. Сондай-ақ, бүгінгі шараға жас мамандармен қатар жоғарғы оқу орындарының бітіруші түлектері де арнайы шақыртылған. Облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы 300-ге жуық бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу тәртібін жан-жақты түсіндірген персоналды басқару қызметтерінің мамандары бүгінгі «Ашық есік» күнінде мемлекеттік қызмет құндылықтарын насихаттаумен қатар, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік қызметке тұруға үмітті әрбір азаматтың бойынан Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлық қасиеттері бойында ұялауы тиіс.Жалпы облысымыз бойынша 300-ге жуық бос мемлекеттік қызмет орындары болса, олардың көшін Шымкент қаласы бастап тұр. Көбіне аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық және инженерлік мамандар тапшылығы сезілуде. Аудандарда сезілетін кадр тапшылығын жоюды қолға алған әкімшілік оларға жасалатын жағдайларды күшейту үстінде көрінеді. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек, жас маманды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жолдары қарастырылуда.
Үлкен жауапкершілік жүктеумен қатар біліктілікті талап ететін мемлекеттік қызмет білімді мамандардың бірегей ортасы. Әкімшілік органның жауапты міндетін жүргізетін жандардың еңбегі арқылы негізгі мониторнигтің де шығарылатындығыбелгілі. Сондықтан мемлекеттік лауазымның үдесінен шығу да оңай тірлік емес. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін де еңбек жолын енді бастағалы отырған азаматтарға артылар жүктің ауыр екендігін ескерген жөн.
Гүлнара Асқарқызы