Дүйсенбі күні Астанада ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов төрағалық еткен Үкіметтің отырысы өтті. Оған селекторлық режимде барлық облыс əкімдері тікелей онлайн арқылы қосылды. Күн тәртібінде «Нұрлы жол» бағдарламасының өңірлерде орындалу барысы талқыланды. Осы ретте, Оңтүстік өңірінде жоғарыда аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы мəліметті ұсынамыз. 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 24 нысанның құрылысы жүріп, 11 нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, ел игілігіне берілген нысандардың бірі – құрылысы біткен 1 көпқабатты тұрғын үй болса, екіншісі — Шымкенттегі магистралды жылу жүйесінің қайта құрылуы еді. Ал қалған 9 нысан — «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде іске қосылған. Ал 2016 жылы аталған бағдарлама аясында облыста 45 нысанның құрылысы жүруде. Ол үшін 23,5 млрд. теңге қаралған. Осы жылдың 5 айындағы жұмыстардың қорытындысы бойынша бөлінген 3,7 млрд. теңге толықтай игеріліп, жұмыстар жоспарға сай іске асырылуда. Нәтижесінде, бағдарлама толықтай жүзеге асқанда облыста жыл соңына дейін 22 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 11-і мектеп болса, 1-уі балабақша, қалған 10 нысан инженерлік-инфрақұрылым саласындағы объектілер болып табылады. Жалпы бағдарлама іске асырыла бастаған 2 жылда облыста 4 мың жұмыс орны құрылса, оның 3 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі