Шымкент қаласының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық, шахарда ауыз су, табиғи газ, электр жүйесімен қамту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл туралы әкімдіктің кеңейтілген мәжіліс отырысында айтылды. Жалпы қалада 81-елдімекеннің елу сегізі тәулік бойына, ал 15- і кестелік тізіммен, қалғандары ұнғымалар мен құдықтардан ауыз суды тұтынады. Ал 33-елдімекен сапалы электр жүйесімен қамтылса, 48-і қосымша құрылысты қажет етуде. Өткен жылдың өзінде ауыз су бойынша бес нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, биыл бірқатар елдімекендер тіршілік көзімен қамтамасыз етілмек. Яғни Нұртас, Сайрам алабы, Қайтпас — 1, Самал-3, Ұлағат, Қызылжар, Ынтымақ шағын аудан тұрғындары ауыз судың шарапатын көреді. Мұнан өзге аймақтарға да қуанышты күннің ауылы алыс емес. Шымкентті сапалы электр жүйесімен қамту бойынша да биыл жүйелі жұмыстар басталады. Қала құрамына қосылған елдімекендерге жобалық құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізілмек.Көгілдір отынды жеткізу жағдайы жаман емес шахарда. Алайда тұрғындардың оны өз игілігіне пайдалануы ақсап тұр. «КазТрансГазАймақ» мекемесі мамандарының айтуынша, бұған кейбір тұрғындардағы қаражаттың жетіспеушілігі және жер телімдерінің бос тұруы себеп. Қаланың даму тұжырымдамасын жүзеге асыруда Шымкенттегі өзекті мәселелерді оңтайландыру, қарқынды құрылыс пен сәулетін жақсарту маңызды. Бұл тұрғыда Ғабидолла Әбдірахымов мемлекет меншігіне тиесілі жер телімдерін қайтару, ретсіз, келбетсіз салынған нысандарды түзеу керектігін атап өтті. Мәжілісте енгізілген мәселелер бір ауыздан қабылданды. Енді жүйелі жоспарды жүзеге асыру қажет.
Жомарт БЕГІМБЕТОВ