Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 27 жыл толған күн. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған соғыс жүргізді. Күрестің басты мақсаты — Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. Осылайша 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, яғни 2238 күнге жалғасқан Ауған жеріндегі қанды соғыс басталып, Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға қарулы қақтығыстың қақ ортасынан бір-ақ шықты.Ауғанстандағы соғысқа 22 259 қазақстандық қатысып, 924-і қаза тауып, олардың 3000-дайы мүгедектер болып, 21-і із-түзсіз жоғалып кеткен. Атаулы күнге орай, ОҚО Білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалында облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан, Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары- А.Шынтаев, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгер Егембердиев Ғалымжанның анасы- Егембердиева Тыныштық және студент жастар қатысқан «Ерлікке тағзым» атты еске алып, гүл қою рәсімі өтті.