Шаһар аумағында мемлекеттік құрылыс нормалары мен талаптары сақталмай заңсыз салынған құрылыс нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда. Бүгін арнайы жұмыс тобы қаланың Бәйдібек би даңғылы бойында құрылыс құжаттары жоқ, қызыл сызыққа өтіп кеткен нысандарды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі, қалалық ішкі істер басқармасының анықтауымен Шымкент аумағында мемлекеттік құрылыс нормалары мен талаптарын сақтамай, заңсыз жүргізілген 196 құрылыс нысаны тексеріліп, 106-сына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде заңсыз салынған 30 үйді бұзу үшін іс құжаттары сотқа жолданды. Бүгінгі таңда 63 нысан иелеріне нұсқау беріліп, 20-сы тексерілуде. Рейдтік шараға қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының жауаптылары қатысты. Бәйдібек би көшесі бойында орналасқан «Жаңалық» дүкені қызыл сызыққа өтіп кетсе, «Екі Жұлдыз» мейрамханасы маңында салынып жатқан алып тойхананың құрылыс құжаттары болмаған. Сала мамандары нысанның иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.