Бейсенбі күні Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг ұйымдастырды. Брифингте айтылған негізгі тақырып – қоқыс зауытына қатысты болды. Атап айтқанда, Мәртөбедегі қоқыс палигоны жабылатын болады. Себебі, қоқыс полигоны ондағы көпқабатты үйлерден небәрі жарты шақырым қашықтықта орналасқан. Онда күн сайын 25 тонна қоқыс жиналып келген еді. Қазір жауапты сала мамандары жаңа қоқыс палигонының орнын қарастыруда. Жаңа орын анықталған жағдайда, Мәртөбе қоқыс палигоны толығымен жабылмақ. Брифингте белгілі болғандай, бүгінде қаланың «Солтүстік-Шығыс» шағынауданындағы 2570 үйге газбен жабдықтау жүйелерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, ондағы 4 көше, яғни, 38 үй табиғи газбен қамтылып, құжаттары толығымен рәсімделген. Сондай-ақ, «Қайтпас-1» шағынауданында газбен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Мұндағы жұмыстарды «ҚуатҚұрылыс» мердігер мекемесі атқарып шықты.