Сейсенбі күні өткен Шымкент қалалық мәслихатының кезекті 50-ші сессиясының күн тәртібінде 17 мәселе қаралды. Соның ең бастысы, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы болды. Бұл күні шаһардың экономикалық және әлеуметтік дамуы жолында сүбелі үлес қосқан 4 азаматтың кандидатурасы осы мәртебелі атаққа ұсынылды. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, «Айғақ» Телерадиокомпаниясының президенті Дулат Әбіш, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек, сондай-ақ, 20 жылдан аса ұстаздық қызметте еңбек еткен М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының президенті Гүлшара Сапарбаева, облыстық ауыр атлетикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Валида Ескендірова да бар. Еліміздегі үшінші қаланың көркейіп, гүлденуінде еселі еңбегі бар бұл азаматтар қаланың құрметті азаматы атануға әбден лайық. Бұл төрт азаматтың кандидатурасын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, қуаттады.
Еңлік Заманхан