Қымбатты Шымкенттіктер!
Баршаңызды ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам баршамызды шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады. Қасиетті Құрбан айт — адамдарды ізгілік пен мейірімділікке бастайтын мерекелердің бірі. Бұл күні барша жамағат құрбандық шалып, сауабы мол амалдар жасайды, адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен жанашырлығы, сыйластығы мен құрметі де барынша арта түседі. Бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналған Қазақстанда ислам діні кеңінен қанат жайып келеді.
Шымкент қаласының мұсылман қауымы өзге дін өкілдерімен қатар, елімізді, қаламызды көркейтіп, оның бай мәдени және рухани дәстүрлерін дамыту, ұлтаралық келісімді және діни төзімділікті нығайту жолында жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға зор үлес қосуда. Халықтың əлеуметтік тұрмысын жақсартуға ынталандыру жəне де ынтымағын нығайтатын, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мерекені жыл сайын дəстүрімізбен сабақтастырып, ұлттық нақышта өткізуге күш салып келеміз.
Құрметті қалалықтар және қала қонақтары!
Миллиондаған мұсылмандар үшін төзімділік, жақыныңа деген қамқорлық тәрізді жоғары адамгершілік құндылықтарымен маңызды бұл мейрам баршаңызға ырыс-берекесін сыйласын. Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Әрбір отбасына бақыт, береке қонсын!
Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,
Шымкент қаласының әкімі