Ата Заңымыздың 20 жылдық мерекесін Оңтүстік жұртшылығы өзіндік ықылас-ілтипатымен тойлады. Адам құқықтары мен бостандықтарын белгілеп берген Конституция – тәуелсіздігіміздің тірегі. Қазақстан атты шаңырақтың астына ұлт өкілдерін ұйыстырған еліміз қашанда ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешуін көксейді. Сондықтан бүгінгі мерейлі мерекеге жиналған көпшілік, бірін-бірі құттықтап, халқымызға ынтымақ-бірлігін тілесті. Жасы менен кәрісі, үлкені мен кішісі шақыртылған кеш бір мезетте «Түркістан» сарайының залына 1500 қауымды жинады.
9 бөлім, 98 баптан тұратын ҚР Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Осы уақыттан еліміздің бас төлқұжатына айналған қастерлі заң – Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын айқындап келеді. 20 жасқа толып отырған Конституция – ел айбары, жұрт айдары. Азаматтық қоғамды жаңартудың жаңа парақтарын ашқан Ата Заңымыз елдігіміз бен егемендігіміздің кепілі. Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы. Аймақтың асылы ардақтыларын жинаған бүгінгі концерт азаматтарды әуелеген әнге бөлеп, әуезді жырын тарту етті. Облысымыздың өнер майталмандары өз құрметтерін ән арқылы жеткізсе, салт-дәстүрімізді ұлықтаған ұжым ұлттық нақыштағы билерін көрермен назарына ұсынды. Ал, Конституция күніне арналған ақжарма тілегін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жеткізіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Ал, аудан-қаладан келген зиялы қауым өкілдерінің бұл күні мерейі үстем болып, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекелік медалін кеудесіне тағынды. Еңбекте үлесі бар 20 азаматқа төсбелгіні табыстаған облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы марапатын сахнада арнайы табыстады. Ел мерейінің үстем болуы — бүгінгі азаматтардың еңбек етуі, болашақ ұрпақтың қолында. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадамы» баршаға ортаға міндет. Әлеуеттің артуы мен тұғырлы мемлекетіміздің өркендеуі – әрбір тіршілік тірлігінен айқындалмақ. Абыройдың биік болуы жолында талмай тынбай еңбек етейік. Ата заңымыздың айбары арта бергей!