КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті металлургі, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Аманәлі Әбдіраманов мерейлі 75 жасқа толды.
Украинаның Днперодзержинск қаласындағы №8 техникалық училищесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге білім алған ел ағасы қажыр қайраты мен отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында талай жыл жемісті еңбек атқарып, Қорғасын зауытында қызмет істеді. Қазақстандағы ауыр өнеркәсіптің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтың әрбір ісі өскелең ұрпаққа өнеге. Шымкент қаласының Құрметтісі атанған ардақты жан қандай марапатқа болсын лайықты. Өйткені, ол қатарластарынан оза шауып, металлург мамандығында өмір бойы қызмет еткен бірден бір жан. Қоғамдық тірліктерге де етене араласып, азаматтық парызын орындап жүр. Аманәлі Әбдірамановтың шаңырағына арнайы барып құттықтаған облыстық мәслихаттың депутаты, «Айғақ» қоғамдық телеарнасының басшысы Дулат Әбіш қарияның иығына шапан жауып, ақ тілегін білдірді. Кезінде елі үшін еңбек еткен жанның әрбір марапаты үй төрінен орын алып, бүгінде елеулі ескерткішіне айналған. 1982 жылы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, одақтың құрметті металлургі атағы осы уақытта беріледі. Осындай қадірлі жанды арнамыздың ұжымы да мерейлі 75 жасымен шын жүректен құттықтайды.
Салтанат ТОЙБОЛОВА