Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына — 170 жыл! Осыған орай, бұған дейін «Айғақ» телеарнаның түсірілім тобы ағартушының туған жеріне арнайы барып бағдарлама әзірлеген еді. Осы ретте маңызы зор бұл сапар Мақтарал ауданында өз жалғасын тапты. Яғни, Мырзашөл өңіріндегі Абай Құнанбаев ескерткішіне тағзым жасалса, Кеңес Одағының батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың тас мүсініне гүл шоқтары қойылды. Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақ батыры нақ осы Мақтарал ауданының тумасы болатын. Сондай-ақ, ІІ дүниежүзілік соғыста 397 фашистті жер жастандырған мерген Төлеуғали Әбдібековтың ерлігі әлі ескерілмей келеді. Міне осындай қос бірдей бабалар рухын ұлықтауға ұласқан шара алдағы уақытта құнды бағдарламалар топтамасымен толықпақ.
Мақтарал ауданы Оңтүстіктегі потенциалы жоғары өңірдің бірі. Ел экономикасына өзіндік үлесін қосып отырған аймақ жылдан жылға дамып, көркейіп келеді. Осыдан 3 жыл бұрын сол кездегі әкім Серік Тұрбековтің бастамасымен өлең-сөздің пайғамбары Абай Құнанбаевқа арналып ескерткіш бой көтерген болатын. Жамабыл, Қарағанды облыстары арқылы Абай еліне экспедиция жасап келген облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Молдабай Ілясов, Елбасының курстасы Аманәлі Әбдірамановтармен бірге ұлы тұлғаның ескерткішіне тағзым жасады. Жетісай өлкесі қашаннан ел үшін жан аямайтын тұлғаларға толы. Оған дәлел қала орталығында орналасқан мына Даңқты азаматтар аллеясы. Адамзаттың ардақтысы Абай ескерткішіне қарама-қарсы орналасқан кешенде Ұлы Отан соғысы кезінде Отан үшін ерлік жұлдызын жаққан Кеңес Одағының Батырларының есімі тасқа қашалып жазылған. Әрдайым қай салада болмасын облыс, республика деңгейінде алдыңғы қатардан түспейтін Мақтарал ауданы мерейінің артуында сүбелі еңбек еткен азаматтар да елеусіз қалмаған. Есімдері көрнекті жерден орын алып отыр. Бұл да болса жайсаңдығын жадыратқан жұртқа деген құрмет деп ұқтық.
Жолдыбай Нұрлыбаев – Кеңес Одағының Батыры, Мақтаралдың мақтанышы. 1945 жылдың отты күндері Польша жерінде ерлік көрсеткен баһадүр. Естеріңізде болса, «Ұлы бабалар ізімен..» жобасы аясында «Айғақ» телеарнасы Польшаға арнайы сапар жасап, Жолдыбай Батырдың жолымен жүріп қайтқан болатын. Небәрі 23 жасында ерлікпен қаза тауып, бүгінгі ұрпаққа Отансүйгіштіктің үлгісін танытып кеткен батыр ескерткішіне де ел азаматтары гүл шоқтарын қойды.
Тарих – болашақтың бағдары. Оны ұмыту, естен шығару әбестік. Мырзашөл өңіріне жасаған сапар барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық «Мақта шаруашылығы» тарихи мұражайында болдық. Құнды жәдігерлермен танысу барысында ІІ дүниежүзілік соғыста 397 фашистті жер жастандырған мерген Төлеуғали Әбдібековтың ерлігіне қайран қалдық. Ол Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарма ауданында дүниеге келгенімен, дәл осы Мақтаралдан майданға аттанған.
Бабаларымыз Батыр атағы үшін шайқасқан жоқ. Ел мен жердің амандығы, шаңырақтың шаттығы үшін қан төкті. Алайда, ол ерлік ескерілмесе өзегіңді өкініш кернейтіні рас. Ұлы Жеңістің орнауында үлесі бар Мақтаралдық Төлеуғали Әбдібековтың есімі әлі өз деңгейінде айтылмай отыр. Сол себепті алдағы уақытта Батырдың ерлігі мен өмірін зерттеу, оны насихаттау біздің арнаның негізгі жоспарларының бірі болмақ.
Ұлдархан УӘЛИХАНҚЫЗЫ