Тағлымды тарихтан сыр шертіп, шалғайда жатқан облыстарға сапар шеккен телеэкспидиция мүшелері күні кеше Оңтүстік өңіріндегі шежірелі мекендерде болды. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай игі жобаны қолға алған облыстық мәслихатының депутаты Дулат Назарбекұлы бабтардың бабы Арыстан баб кесенесінде Құран оқытып, киелі мекен Түркістан қаласынан Қызылорда облысына сапарға аттанды.
Ұлы Жібек жолының торабында орналасқан көне Отырар қаласы қазақтың арғы атасына ғылым, мәдениет, сауда, егін, мал шаруашылықтарын дамыту мен әлемдік өркениеттің өркендеуінде ірі орталықтардың бірі болды. Сырдария бойындағы бас қақпасы болған Отырар және оның алқабындағы гүлденген мекендер шапқыншылықтардың әсерінен 18 ғасырдың орта кезеңінен қаңыраған қонысқа, бірте бірте құм басқан үйіндіге айналды. Қазақ елі үшін терең тарихтан сыр шертетін мекен ата-бабамыздың асыл қонысы еді. Отырар кентінің мәдени құндылықтарын қастерлеу, сақтау, елге таныту — игілікті іс-шаралардың бір парасы болғандықтан, оны ұлтымыз үшін қамқорлықта ұстау басты парызымыз. Телеэкспедиция мүшелері де бір кездері қазақ тағдыры болған мекенді аралап, түсірілім жасап шықты.
Мұнан соң «Айғақ» телекомпаниясының президенті, Қазақстанның Құрметті журналисі Дулат Назарбекұлы бастаған топ Арыстан баб кесенесіне арнайы барып, көнеден киелі, қасиетті мекеннің бүгінгі жай-күйімен танысты. Қазақ халқының өткенін баяндайтын, терең тарихтан тың ақпараттар дайындауды қолға алған түсірілім топ сапар алдында баба рухына арнап Құран бағыштады. Алдына нық мақсат қойып «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай игі бастаманы қолға алған телеэкспедиция мүшелері киелі Түркістанда бір күн түнеп таңертеңгісін көршілес Қызылорда облысына сапар шекті.
Жомарт БЕГІМБЕТОВ