Молдабай Ілесұлы 1936 жылы қыркүйек айының 26 жұлдызында Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысына қарасты Заамин ауданында туылған. 1952 жылы №25 Стаханов атындағы мектептің 7 класын бітіріп, Ташкент қаласындағы зоотехникалық –малдәрігерлік техникумына оқуға түседі. 1956 жылы білім қуған жас Москва малдәрігерлік академиясының зоотехникалық оқуын жалғастырып, 1961 жылы ғалым-зоотехник мамандығы бойынша аталған оқу орнын бітіріп шыққан.
Елі үшін еміреніп, жұрт үшін жүгіріп қызмет еткен азаматтарымыздың ерен еңбегі қашан да елеулі. Киелі Оңтүстік топырағынан нәр алған тұлғалардың әрбірі өзіндік бейнесімен ерек. Халықпен бірге жасап, әлеуеттің артуында аянбай қызмет еткен ағалардың арқасында бүгініміз жарқын, ертеңімізге деген сенім мол. Қазығұрттай басына құт қонған өлкемен өсіп, ауасымен тыныстап, тіршілігін жасаған ел ағасы – Молдабай Ілесұлының еңбегін жергілікті жамағат мақтанышпен еске алып отырады. Жасы 79-ға шыққан қарияның тірлігі әлі де тың. Тарих беттерін ақтарып, кітап оқығанды жаны сүйетін жайсаң азаматпен сұхбаттасудың сәті де түсті. Оңтүстік делегациясының құрамында сонау Белоруссия еліне барып қайтқан Молдабай Ілесұлының өмірде көрген-түйгені мол. Тіпті, соғыстан қайтқан майдангерлермен қызметтес болып, бүгінде сол жылдардың естелігін еске алып отырады.
Молдабай Ілесұлымен әрмен қарай сұхбатымыз Қазығұрттың төріндегі өзі қызмет істеген өлкеде жалғасты. Яғни, бұл әкімшілік ғимаратында ел ағасы бар ғұмырын өткізді. Өңірдің әсіресе ауылшаруашылығы мен малшаруашылығы саласын дамытуда тер төгіп, еңбегін аямаған жан – жұмысының жемісін бергеніне қуанышты.
Молдабай Ілесұлы алғашқы еңбек жолын 1961-62 жылдары ОҚО Арыс ауданына қарасты Жданов атындағы совхозда бөлімше зоотехнигінен бастап, зоотехник-селекционер, 1963-70 жылдары Ленин ауданының «Коммунизм» совхозында бас зоотехник, 1970-71 жылдары аралығында аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, 1971-74 жылдары аудандық мемлекеттік дайындау инспекциясында бас инспектор, 1974-77 жылдары «Қызылтаң» колхозы басқармасының төрағасы қызметінде болды. Ал, 1977 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін ауданның басқару органдарында әр түрлі дәрежедегі қызметте болып, оны абыроймен атқарып келді. 12 жыл бойы Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің екінші хатшысы болса, 1989-91 жылдары Аудандық Атқару комитетінің төрағасы, 1991 жылдан Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы болды. Кеңес дәуірінен келе жатқан әкімшілік ғимараты заман ағымына сай жөндеу жұмыстарынан өткенімен, сол күйінде сақталып қалған. Аудандық Кеңесті де басқарған Молдабай Ілесұлы 1994 жылдың сәуір айынан Қазығұрт аудандық Мәслихат-Депутаттар жиналысының хатшысы болды. Оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, әсіресе ауылшаруашылығындағы жетекші сала – мал шаруашылығына ғалым-маман ретінде сіңірген еңбектері бағаланып, ол үкімет тарапынан бірнеше рет марапатталған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Облыстық, аудандық Кеңестің бірнеше дүркін депутаты болып сайланған. Шаңырақтың ұйытқысы Молдабай қарияның үйдегі тіреуіші бола білген ардақты жан Шолпан анамызбен 1961 жыл отасыпты. Ширек ғасырдан бері жұптары жазылмаған жандар Гүлназым атты тұңғыш қыздарымен Бақытжан, Әлімжан, Ғалымжан, Рахымжан есімді ұлдарын тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Бар ғұмыры өнеге мен тәлімді тәрбиеге толы жандардың бүгінгі өскелең ұрпаққа үйретер тәлімі мол. Өзінің қарапайым мінезімен ерекшеленетін Молдабай Ілесұлына қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді.
Салтанат ТОЙБОЛОВА