Миллионды мегаполис жылды бұқаралық ақпарат құралдарын марапаттаумен қорытындылады. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымы әр түрлі номинациялар бойынша өзара бақ сынап жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары алғыс хаттар мен қаржылай сый-сияпатқа ие болды. «Айғақ» телеарнасының бас редакторы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Салтанат Тойболова Шымкент қаласы әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
«Үздік телебағдарлама авторы» номинациясы бойынша «Айғақ» арнасының редакторы, көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалардың авторы Бағлан Байкөбекқызы марапатталды. Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың арнайы алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сыйақы табысталды.
Жаңалықтың жаршысына айналған журналистер Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтың алғыс хатымен марапатталды. «Айғақ» арнасының білікті журналистері Жомарт Бегімбет, Абай Омар, Мақсат Тоқсанбайға арнайы табыс етілді. Республикалық «Айғақ» газетінің менеджері Елікбай Қалмаханұлына да қызметтік міндетін абыройлы атқарып, сапалы жұмыс нәтижесін көрсеткені үшін арнайы алғыс хат табысталды.
Шымкенттің үздіктерін марапаттау салтанатты жиынында «Үздік телеоператорлар» да марапат төрінен көрінді. «Айғақ» арнасының аға операторы Ақжол Рахманқұлов марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Төртінші биліктің төрінен орын алып жүрген журналистер қауымын марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз. Құттықтай отыра шығармашылық шыңның шегіне жетуге, қоғам арасындағы ақпараттық майданның қайнаған шағында халықты кез келген жағдаймен хабардар етіп, жақсы жаңалықтардың жаршысына айнала білген БАҚ өкілдеріне толағай табыс, жеңісті және жемісті жетістіктер тілейміз.
«Айғақ» ақпарат